Мереке алдындағы қарбалас Ақтөбе облысындағы Қазақстан мен Ресей шекарасында қозғалысты қиындатты. Сагарчин өткізу пунктінде осы күндері бірнеше шақырымға созылған кептеліс пайда болды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, Орталық Азия елдерінің мыңдаған азаматы Құрбан айт мерекесіне орай үйлеріне асығып жатыр, бұл көлік кептелісіне әкеп соқтырған.
Ресей тарапынан Ақтөбе облысына қарай ұзын-сонар көлік кезегі түзілгені айтылады. Шекарадан өтпек болғандар бірнеше сағат бойы күтуге мәжбүр.
Қазақстандық қызметтер бұған өздерінің кінәлі емес екенін алға тартты. Олар қиындықтар Ресей учаскесінде туындағанын түсіндірді. Мереке алдындағы көлік ағыны да жағдайды қиындатып отыр.
Кейбір жолаушылар аптапта ұзақ күтуге шыдамай, көліктерін қалдырып кетіп жатыр. Олар шекарадан жаяу өтіп, арғы беттен жолды жалғастыру үшін такси іздеуге көшкен. Мамандар өткізу пунктіндегі кептеліс жақын арада сейіледі деп сендірді.
"Аталған техника кептелісі Ресей Федерациясы тарапынан байқалады және бұл, ең алдымен, Орталық Азия республикалары азаматтарының – еңбек мигранттарының – Құрбан айт мерекесі қарсаңында отанына оралуымен байланысты. Сондай-ақ көлік кептелісі жүк және жеңіл көліктерге арналған бөлек қозғалыс жолақтарының жоқтығынан болып отыр", - деп атап өтті Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті.