Таяу Шығыстағы қақтығыстың өршуі әлемдік мұнай нарығындағы құбылмалылықты күшейтті, алайда Қазақстанның республикалық бюджеті үшін теңге бағамы негізгі шектеуші факторға айналды. Бұл туралы қаржы министрі Мәди Такиев айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Министрдің айтуынша, есепті тоқсанда бюджеттің кіріс бөлігіне сыртқы макроэкономикалық факторлар айтарлықтай әсер еткен.
"Таяу Шығыс қақтығысының шиеленісуі аясында әлемдік мұнай нарығының құбылмалылығы артты. Тоқсан ішінде мұнайдың орташа бағасы барреліне 80,6 доллар деңгейінде қалыптасты", - деді Такиев үкімет отырысында.
Бұл ретте, министр мұнай бағасының өсуінен болатын қосымша тиімділіктің негізгі бөлігі республикалық бюджетке тікелей түспейтінін айтты. Қолданыстағы бюджеттік архитектураға сәйкес, негізгі мұнай кірістері Ұлттық қорда жинақталады.
Қаржы министрлігі басшысының айтуынша, республикалық бюджет үшін тікелей оң әсер, ең алдымен, мұнайға салынатын экспорттық кеден салығы бойынша байқалды. Бұл кіріс бойынша қосымша 40,5 миллиард теңге қамтамасыз етілді. Теңге бағамының нығаюы, керісінше, бюджет кірісін тежеп тастады.
"Болжамды бағам 540 теңге болғанда, есепті тоқсанда қалыптасқан 497,7 теңге деңгейіндегі орташа бағам түсімдерді шамамен 146 миллиард теңгеге азайтты", - деді министр.
Осылайша Мәди Такиев бағам айырмашылығы республикалық бюджет кірісінің негізгі шектеушісіне айналғанын айтты.
Сонымен қатар, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру есебінен қосымша 137,6 миллиард теңге қамтамасыз етілген.
Мән-жайы
Бұған дейін Ұлттық банк теңгенің нығаю себебін атаған болатын. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов теңге "тұрақтылығын дәлелдегенін" және қазақстандық ұлттық валюта қазір "ең тартымды валюталардың бірі" екенін айтты.
Тағы оқыңыз: “Make Tenge Great Again“. Доллар бағамы неге құбылып тұр және ол экономикаға қалай әсер етеді?