Қазақстанда мұнай өндірісі күрт қысқарды. Бұл туралы ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Әмриннің айтуынша, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша ІЖӨ-нің нақты өсімі 3 пайыз болған. Сонымен қатар, ІЖӨ-дегі мұнай секторының үлесі екі есе қысқарды.
"Былтыр экономикадағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 12,7 пайызға дейін өсті, осылайша екінші жыл қатарынан тау-кен өнеркәсібінің (2025 жылы – 11,9 пайыз) деңгейінен асып түсіп отыр. ЖІӨ-дегі мұнай секторының үлесі екі есе қысқарды. 2010 жылы ол 16,5 пайыз болған болса, 2024 жылы 8,1 пайызға дейін түсті. Тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін экономиканы одан әрі әртараптандыруға баса назар аудару қажет, бұл "орташа табыс тұзағынан" шығуға мүмкіндік береді", - деп толықтырды вице-министр.
Өз кезегінде Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мұнай-газ саласындағы көрсеткіштердің төмендеуі Каспий құбыр консорциумы (КҚК) мен Теңіздегі жағдайға байланысты екенін айтты.
"Есепті кезеңде мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі 19,7 миллион тоннаны немесе былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 80,2 пайыз болды. Қарашығанақта шикі газды кері айдайтын алтыншы компрессорды іске қосу жұмыстары жалғасып жатыр, бұл мұнай өндіруді жылына 10-11 миллион тонна деңгейінде сақтауды қамтамасыз етеді. Ірі жер қойнауын пайдаланушылармен мұнай өндіруді арттыру шаралары туралы келіссөздер жүргізіліп жатыр", - деді Ақкенженов.
Оның айтуынша, алғашқы 3 айда мұнай экспорты 15,3 миллион тонна немесе 2025 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 78,5 пайыз болған. Биылғы экспорт болжамы – 76 миллион тонна.
Еске сала кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамптың Ормуз бұғазын бұғаттау туралы мәлімдемелерінен кейін әлемде мұнай бағасы өсе бастады.
Лондонның ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың маусымдық фьючерстерінің құны 7,27 пайызға өсіп, барреліне 102 доллардан асты. WTI маркалы мұнайдың мамырдағы фьючерстері 8,55 пайызға - барреліне 104,83 долларға дейін қымбаттады.