ПОДЕЛИТЬСЯ
- Басты
- 25 маусым 2026 14:35
Қазақстанда 2026 жылдың шілдесі қандай болады? Синоптиктер болжамы
"Қазгидромет" синоптиктері 2026 жылғы шілдеге арналған ауа райы болжамын ұсынды. Метеорологтар мәліметінше, Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы климаттық норма шамасында болады деп күтіледі, алайда бірқатар өңірде әдеттегіден ыстық болады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Қазгидромет" синоптиктері 2026 жылғы шілдеге арналған ауа райы болжамын ұсынды. Метеорологтар мәліметінше, Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы климаттық норма шамасында болады деп күтіледі, алайда бірқатар өңірде әдеттегіден ыстық болады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Қай жерлерде аптап күтіледі?
Болжамға сәйкес, орташа айлық температура Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында, Жетісу облысында, Қызылорда облысының басым бөлігінде, сондай-ақ Ұлытау, Қарағанды, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының кейбір аудандарында нормадан жоғары болады деп күтіледі.
Ел бойынша ауаның орташа температурасы +21...+29 градус болады. Оңтүстік пен оңтүстік-батыстың кейбір аудандарында орташа айлық көрсеткіштер +30...+31 градусқа дейін жетуі мүмкін. Қазақстанның солтүстігінде, қиыр шығысы мен оңтүстік-шығысында +15...+20 градус жылы болады деп болжанады.
Жауын-шашын қай жерлерде көп және аз болады?
Өңірлердің басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері норма шамасында болады деп болжанған. Солтүстік Қазақстан облысында, Қостанай облысының басым бөлігінде, сондай-ақ Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар және Ақмола облыстарының жекелеген аудандарында жаңбыр әдеттегіден көп жауады деп күтіледі.
Жауын-шашын мөлшері Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облысының басым бөлігінде нормадан төмен болады деп болжанған. Сондай-ақ Ұлытау, Қарағанды, Абай, Алматы және Жетісу облыстарының кейбір аудандарында ылғал тапшылығы күтіледі.
Астана мен Алматыда ауа райы қандай болады?
Ал Астанада шілдедегі орташа температура климаттық норма шамасында болып, +21,2 градус деңгейінде сақталады. Ең ыстық күндер айдың екінші онкүндігінде болжанып отыр, бұл уақытта ауа температурасы +33...+38 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Шілдеде елордада қысқа мерзімді жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін күшейеді, кей жерлерде бұршақ жауып, дауыл тұруы ықтимал.
Ал Алматыда шілде әдеттегіден едәуір жылы болады деп күтіледі. Айдың орташа температурасы нормадан 2 градусқа жоғары болып, шамамен +26,4 градусқа жетеді. Синоптиктер мәліметінше, айдың екінші және үшінші онкүндігінде қалада +39...+44 градусқа дейін қатты ыстық болуы мүмкін. Сонымен қатар ай бойы қысқа мерзімді жаңбыр жауып, найзағай ойнайды деп болжанған.
"Қазгидромет" өкілдері бір айға арналған болжам консультативтік сипатта екенін және жаңа деректердің түсуіне қарай түзетілуі мүмкін екенін атап өтті.
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу