09 қаңтар 2024 | 11:33

Қазақстанда 800 мыңға жуық бала қауіпті ауруларға қарсы екпе алмаған - министр

Фото:depositphotos.com

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният елімізде қызылша ауруына қатысты жағдай бақылауда екенін, алайда 800 мыңға жуық бала қауіпті инфекцияға қарсы екпе алмағанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

ПОДЕЛИТЬСЯ

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният елімізде қызылша ауруына қатысты жағдай бақылауда екенін, алайда 800 мыңға жуық бала қауіпті инфекцияға қарсы екпе алмағанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның сөзінше, кейінгі 15 жыл ішінде республикада 3 рет қызылша ауруы көп тіркелген.

"Бұл - 2005, 2015 және 2019 жылдар. Аурудың кезекті өсуі 2023 жылы басталды. 2023 жылдың соңында елімізде қызылшаның 29 648 жағдайы тіркелді. Оның 80 пайызы 14 жасқа дейінгі балаларға тиесілі. Сырқаттың 84 пайызы вакцина алмаған балалар есебінен болды. Былтыр желтоқсанда қарашамен салыстырғанда 11 өңірде сырқаттанушылықтың өсуі байқалды. Тұрақтандыру үрдісі 6 өңірде: Ақтөбе, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Жетісу және Түркістан облыстарында байқалды. Ауру 3 өңірде төмендеді: Шымкент қаласы, Жамбыл, Ұлытау облыстары", - деді Ажар Ғиният.

Реклама
Реклама

Министр қызылша бойынша жағдайды тұрақтандыру бойынша шаралар қабылданғанын мәлімдеді.

"Біріншіден, былтыр ауруға қарсы жоспарлы вакцинациялау жүргізілді. 1 және 6 жастағы 700 мыңға жуық бала егілді. Екіншіден, былтыр қыркүйекте Үкіметтің резервінен қаражат бөлініп, қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы вакцинаның 1,5 миллион дозасы сатып алынды. Қарашадан бастап бұл инфекцияларға қарсы қосымша вакцинациялау жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда қосымша вакцинациялау шеңберінде 930 мыңнан аса адам егілді, барлық жоспардан 62 пайызы қамтылды, күн сайын 20 мыңнан аса адам егіліп жатыр ", - деді ол.

Қазір еліміздің көптеген өңірінде қосымша иммундаудың оң динамикасы байқалған. Мысалы, Жетісу, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласында тиісті контингенттің 70 пайыздан астамы қосымша вакцинациямен қамтылған.

Сонымен қатар, 7 өңірде, яғни Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстары мен Астана қаласында қамту деңгейі әлі де төмен. Бұл жерлерде 55 пайыздан төмен.

Ажар Ғиният елімізде 800 мың жуық бала қауіпті ауруға қарсы вакцина алмағанын айтты.

"Вакцинамен басқарылатын инфекциялар және сырқаттанушылықтың өсуі ата-аналарға балаларды вакцинациялаудан бас тартуға мүмкіндік беретін 2015 жылы енгізілген заң нормаларына тікелей байланысты. Осының негізінде 5-7 жылда халықтың арасында иммунитеті жоқ адамдардың қатары өсіп отыр. Мәліметтер бойынша бүгінде 6 жасқа дейінгі 800 мыңға жуық бала дефтерия, полимелит, туберкулез және тағы басқа қауіпті инфекцияға қарсы егілмеген және қорғалмаған. Осыған байланысты министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, биыл балаларды ұлттық вакцинациялау күнтізбесі шеңберінде жоспарлы екпелерді өткізіп алған балаларды қосымша вакцинациялау бойынша кешенді жұмыс жүргізеді", - деді министр.

Ведомство басшысы қазақстандықтарға кеңес берді.

"Профилактикалық екпе алу үшін салмақты және ақылға қонымды шешімдер қабылдауыңызды сұраймын. Әр адам өз денсаулығы мен баласының денсаулығы үшін немқұрайды болмауы керек. Өзіңізді және жақындарыңызды тәуекелге ұшыратпаңыз, қажет профилактикалық екпені уақытылы алуға шақырамын!" - деді Ажар Ғиният.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда қызылша ауруынан қанша бала қайтыс болғаны айтылды.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram