ПОДЕЛИТЬСЯ
- Басты
- 26 маусым 2026 18:45
Қазақстанда байланыс операторларына арналған ережелер өзгереді: абоненттер нені білуі керек?
28 маусымнан бастап Қазақстанда байланыс қызметтерін көрсету қағидаларына енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Операторлар мен абоненттер үшін не өзгеретіні туралы Tengrinews.kz материалынан оқыңыз.
28 маусымнан бастап Қазақстанда байланыс қызметтерін көрсету қағидаларына енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Операторлар мен абоненттер үшін не өзгеретіні туралы Tengrinews.kz материалынан оқыңыз.
"Қазақстандықтардың хабарламаларын талдау"
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бұл түзетулер азаматтардың өтініштерін және байланыс нарығындағы бәсекелестік жағдайын талдаудан кейін дайындалғанын хабарлады.
"Жұмыс барысында агенттік абоненттер тарапынан негізді шағым тудырған кең таралған тәжірибелерді анықтады. Олардың қатарында пайдаланушының тиісті растауынсыз қосымша ақылы қызметтерді қосу, сондай-ақ мазаны алатын жарнамалық және ақпараттық хабарламалар бар", – деп хабарлады агенттік.
Абоненттер үшін не өзгереді?
Басты өзгерістердің бірі – қосымша ақылы қызметтерді қосқан кезде міндетті түрде екі рет растау талабы. Енді мұндай қызметтерді абоненттің USSD-сұраныс немесе жеке кабинет арқылы растауынан кейін ғана іске қосуға болады. Агенттік бұл шара ақылы опциялардың кездейсоқ немесе жосықсыз қосылу жағдайларын болдырмауға көмектеседі деп күтеді.
Сонымен қатар абоненттер байланыс операторларының жарнамалық және ақпараттық хабарламаларын алудан бас тарта алады. БҚДА бұл қажетсіз хабарламалар санын азайтуға және пайдаланушыларға ұсынылатын қызметтерді бақылауға көбірек мүмкіндік береді деп санайды.
"Қабылданған өзгерістер байланыс операторлары қызметінің ашықтығын арттыруға, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және телекоммуникация нарығында әділ бәсекелестік жағдайларын жасауға бағытталған", – деп толықтырды ведомство.
Сондай-ақ БҚДА байланыс операторларының жұмысын қадағалауды жалғастыратынын және тұтынушылардың мүдделеріне нұқсан келтіретін әрі адал бәсекелестікті шектейтін әрекеттердің жолын кесетінін мәлімдеді.
Автоматты қоңырау шалу және балаларға арналған SIM-карталар
Бұған дейін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі 28 маусымда күшіне енетін өзгерістер өткізіп алған қоңыраулар туралы хабарлау үшін қолданылатын автоматты қоңырауларға ("маяк") тыйым салуды да көздейтінін хабарлаған болатын. Қысқа қоңыраулардың орнына абоненттерге SMS-хабарлама келеді.
Бұдан бөлек, 14 жасқа толмаған балаларға SIM-карталарды рәсімдеу ережелері өзгереді. Баланың атына нөмірді оның заңды өкілдері биометриялық сәйкестендіруден өткеннен кейін ғана тіркей алады. Бұл ретте бір кәмелетке толмаған балаға тек бір SIM-карта рәсімдеуге рұқсат етіледі.
Еске сала кетейік, қазақстандықтар көптен бері мазаны алатын автоматты қоңырау функциясына шағымданып келеді. Бұл желі бос болмағанда немесе қоңырау өтпегенде абонентке қоңырау шалуды автоматты түрде қайталайтын функция. Яғни, жүйенің өзі байланыс орнатылғанша белгілі бір уақыт аралығында нөмірді қайта-қайта тереді.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Қазақстанда өткізіп алған қоңыраулар кезіндегі автоқоңырау функциясын пайдалануға тыйым салынатынын хабарлаған болатын.
Тағы оқыңыз: Мобильді операторларға арналған жаңа ереже қазақстандықтардың ақшасын қалай қорғайды?
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу