ПОДЕЛИТЬСЯ
03 шілде 2021 | 14:57
Қазақстанда екі министрлік сынға ілінді
Nur Otan партиялық бақылау комитеті Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігінің "Еңбек" бағдарламасы аясындағы жұмысын қанағаттанарлықсыз деп таныды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Nur Otan партиялық бақылау комитеті Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігінің "Еңбек" бағдарламасы аясындағы жұмысын қанағаттанарлықсыз деп таныды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Комитет мүшесі, Мәжіліс депутаты Әлия Әбсеметованың айтуынша, бағдарламаны іске асыруға соңғы төрт жылда республикалық бюджеттен шамамен 600 миллиард теңге бөлінген. Алайда бағдарламаның нысаналы индикаторлары қайталанған, тіпті бірдей кезеңдері де бар, бұл бюджет қаражатын негізсіз жарату.
Сонымен қатар, комитет мүшелері тұрғындарды жұмысқа тек қағаз жүзінде қабылдау деректерін тексерген. 2019 жылы жалған жұмыспен 118,8 мың адам қамтылған немесе тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналасқандардың жалпы санының 31 пайызы анықталған.
"Мысалы, жұмыс берушілер өз қызметкерлерін жұмыстан шығарып, оларды жұмыспен қамту орталықтары арқылы әлеуметтік жұмыс орындарына қайта жұмысқа орналастырады. Нәтижесінде олар бұрынғыдай жұмыс істей береді. Бірақ мемлекет олардың табысының 35 пайызын субсидиялайды, осылайша жұмыс берушіден жауапкершілік пен шығындарды алып тастайды", - деді Әбсеметова.
Партиялық бақылау комитетінің ақпараты бойынша, прокуратура органдары 1,3 миллиард теңгеге несиелерді негізсіз берудің 341 дерегін, 555,3 миллион теңге сомасына бюджеттік несиелерді мақсатсыз пайдаланудың 180 дерегін анықтаған.
"Кәсіпкерлердің басым бөлігі бюджеттік несие алғаннан кейін бірден өз қызметін тоқтатады. Сонымен қатар, тиісті бақылаудың болмауы салдарынан адамдар бюджеттік кредиттер есебінен басқа банктерден қарыздарды қайта қаржыландырады, жылжымайтын мүлік пен автомобильдерді сатып алады", - деп мәлімдеді Әбсеметова.
"Еңбек" бағдарламасы шеңберіндегі Жастар практикасының тиімділігі де шамалы. Мамандық бойынша бюджет есебінен оқытылғандардың жалпы санының 25 пайызы ғана жұмысқа орналасқан.
Өз кезегінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов соңғы төрт жылда "Еңбек" бағдарламасы аясында тұрақты жұмысқа 1,4 миллионнан аса адам орналастырылғанын, бейресми жұмыспен қамтылғандардың саны 400 мың адамға қысқарғанын, ал жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыз деңгейінде сақталғанын айтты. Сондай-ақ, министр мемлекеттік бағдарламаны жетілдіру бойынша ведомство жүргізіп жатқан шаралар туралы айтып берді.
"Жалған жұмыспен қамту дерегімен күресу үшін биыл мамырдан бастап жұмыссыз ретінде тіркелу, бюджеттік кредит алуға өтінімдер және өзге де қызметтер электрон еңбек биржасы арқылы онлайн-форматта көрсетіледі. Ал адамдардың еңбек ұтқырлығына ықпал ету үшін көшуге субсидия мөлшері 35-тен 70 АЕК-ке дейін ұлғайтылды", - деді министр.
Отырыс қорытындысы бойынша Партиялық бақылау комитеті Еңбек министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігінің "Еңбек" бағдарламасын іске асыру бөлігіндегі жұмысын қанағаттанарлықсыз деп тану туралы қаулы шығарды. Еңбек вице-министрі Ержан Біржановты Партиялық жауапкершілікке тарту, сондай-ақ Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова мен Түркістан облысының әкімі Әсия Темірбаеваға "ескерту" түріндегі партиялық жаза қолдану ұсынылды.
Бұдан бөлек, комитет министрліктерге жұмыспен қамту бағдарламасын бағалау әдістемесін әзірлеуді және бекітуді, оны сарапшылық және ғылыми ортада талқылауды және бағдарламаны іске асыру нәтижелерін ашық жариялауды ұсынды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также