Қазақстанда стихиялық қоқыс үйінділерін жою талаптарын қатаңдату және мемлекеттік органдар арасындағы жауапкершілікті нақты бөлу жоспарланып отыр. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бұл мәселе "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экологиялық мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда қарау барысында көтерілді.
Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрым стихиялық қоқыс үйінділері, әсіресе ауылдық жерлерде үлкен мәселе болып отырғанын айтты.
"Арнайы бөлінген алаңдар болғанына қарамастан, қоқыс оған дейін жеткізілмейді, соның салдарынан ауыл іргесінде үйінділер пайда болады. Бұл халықтың денсаулығына үлкен зиян келтіреді", - деді депутат.
Ол кодексте мұндай заңсыз қоқыс орындарын бақылау мен мониторингтеудің нақты тетіктері қарастырылған ба деп сұрады.
Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев бұл мәселенің өзектілігін растады.
"Иә, расында да, сіз дұрыс айттыңыз: стихиялық қоқыс үйінділері бүгінде күрделі мәселеге айналып отыр. Өкінішке қарай, бұл процесс әлі де жалғасып жатыр", - деді ол.
Әлиевтің айтуынша, 2018 жылдан бастап рұқсат етілмеген қоқыс орындарын анықтауға "Қазақстан Ғарыш Сапары" тартылған. Компания тұрақты түрде ғарыштық зондтау жүргізеді, соның арқасында заңсыз қоқыс үйінділері қашықтан тіркеледі.
"Олар тұрақты түрде ғарыштық зондтау жұмыстарын жүргізеді, біз рұқсат етілмеген қоқыс орындарын көріп отырмыз. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, оларды жою бойынша шаралар қабылданып жатыр", - деді вице-министр.
Ол жаңа заңнамада мұндай үйінділерді жоюға қатысты талаптарды қатаңдату шаралары қарастырылғанын хабарлады.
Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы органдар мен орталық уәкілетті орган арасындағы міндеттерді нақты бөлу ұсынылып отыр.
"Өткен жылғы талдауға сүйенсек, ғарыштық зондтау аясында анықталған стихиялық қоқыс үйінділерінің 98 пайызы жойылды", - деді Әлиев.
Оның сөзінше, қазіргі уақытта министрлік жергілікті атқарушы органдар, орталық орган және осындай үйінділердің пайда болуына жол беретін тұлғалар арасындағы жауапкершілікті бөлу бойынша жұмыс істеп жатыр.
Сондай-ақ, мұндай құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті қатаңдату да қарастырылып жатыр.
Мән-жайы
Бұған дейін Қазақстандағы стихиялық қоқыс үйінділері "Қазақстан Ғарыш Сапары" ҰК" АҚ геопорталы арқылы ғарыштық мониторинг көмегімен бақыланғаны хабарланған болатын. 2019 жылы мұндай тәсіл, атап айтқанда, елорда төңірегіндегі заңсыз қалдық орындарын анықтау және жою үшін қолданылды.
Сол кезде құрылыс және тұрмыстық қалдықтардың шоғырланған ірі орындары Нұра-Есіл арнасы маңында, Талдыкөл көлі мен Қорғалжын тасжолы аралығында, сондай-ақ бұрынғы карьерлер мен қар полигондары аумағында анықталғаны хабарланған еді. Экология департаменті кейбір нүктелер кәдеге жаратылғанын, ал қалғандары бойынша жұмыс жалғасып жатқанын атап өткен.
Сонымен қатар, Алматы облысы Шелек ауылындағы стихиялық қоқыс үйіндісі туралы да жазған едік. Тұрғындар елді мекен маңында тек тұрмыстық қалдықтар ғана емес, медициналық қалдықтар мен жануарлар өлекселері де жиналып жатқанына, ал қоқыс полигонының өзі адам денсаулығына қауіп төндіретініне шағымданған еді.
Жыл басынан бері Алматы облысында ғарыштық мониторинг арқылы 350 стихиялық қоқыс үйіндісі анықталғаны, оның 314-і сол уақытта жойылғаны хабарланған.