Бүгінле Каспий құбыр консорциумына (КҚК) балама жоқ. Бұл туралы Қазақстанның Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының кулуарында министрге Қазақстан үшін мұнай тасымалдаудың баламалы бағыттары туралы сұрақ қойылды. Ақкенженов өзге бағыттарды "балама" деп атау дұрыс емес екенін айтты.
"Қазіргі уақытта КҚК 82 миллион тонна мұнай тасымалдауға қауқарлы. Бұл осы құбырдың қуаты. Бүгінде оған балама жоқ. (...) Қазір Қазақстаннан халықаралық нарықтарға осыншама көлемді (60-70 миллион тонна - ред. еск.) тасымалдай алатын балама немесе басқа құбыр жоқ. Сондықтан біздің айтып отырғанымыздың бәрі - қосымша бағыттар", - деді Ақкенженов.
Министр Қазақстан мұнай тасымалдау үшін кез келген қосымша бағытты қарастырып жатқанын айтып өтті.
"Бізде Қазақстан - Қытай құбыры бар, қазір кейбір көлемдерді Каспий теңізі арқылы, Әзербайжан арқылы, сондай-ақ Ақтау - Махачкала арқылы тасымалдап жатырмыз. Сондықтан мұның бәрі қосымша бағыттар", - деп атап өтті ол.
Еске сала кетейік, сәуірде Үкіметте Қазақстанда мұнай өндіру көлемі 20 пайызға жуық күрт төмендегені хабарланған болатын. Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, бұған КҚК мен Теңіздегі жағдай себеп болған.