Қазақстанда мәслихат депутаттарына қатысты жаңа жаза түрлері талқыланып жатыр. Оларға қатысты сессияларда дауы беру құқығынан айыру, отырыстардан шеттету және бір күндік жалақысын ұстап қалу ұсынылып отыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Депутаттарды жұмысқа келмегені және тәртіп бұзғаны үшін жазаламақ
Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда "Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды талқылап жатыр.
"Мәслихат депутаттарын бір сессия бойы дауыс беру құқығынан айыру және сессияға қатысу құқығын шектеу түрінде жазалау ұсынылады. Тұрақты негізде жұмыс істейтін депутаттарға қосымша бір күндік жалақысынан айыру түріндегі шара қолданылуы мүмкін", - делінген құжат мәтінінде.
Аталған шараларды қолдануға қатысты мәселелермен, сондай-ақ депутаттардың мәслихат пен оның органдарының отырыстарына қатысуын бақылаумен мәслихат аппараты айналысады. Жаза қолдану туралы бастаманы мәслихат төрағасы немесе тұрақты комиссия төрағасы көтере алады.
Мәслихаттардың бюджетке ықпалы артады
Бұл түзетулер жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне қатысты ауқымды өзгерістер пакеті аясында қарастырылып жатыр. Атап айтқанда, мәслихат депутаттарының бюджет мәселелеріндегі өкілеттіктерін кеңейту ұсынылып отыр, оларға әкімдіктің бюджет комиссияларының жұмысына қатысу және қажеттілігіне қарай бюджетті нақтылауға бастамашылық ету құқығы берілмек.
Сонымен қатар, құжат жергілікті қоғамдастықтардың рөлін күшейтуді көздейді. Заң жобасында азаматтардың жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге қатысуының жаңа тетіктерін бекіту, сондай-ақ жергілікті қоғамдастық жиналыстары мен жиындарының, аумақтық өзін-өзі басқару және аумақтық кеңестердің жұмысын егжей-тегжейлі реттеу ұсынылады. Жобаға сәйкес, мұндай кеңестердің шешімдерін мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары 15 күнтізбелік күн ішінде қарастыру керек.
Жобада жеке блок ретінде жергілікті маңызы бар мәселелер аясын кеңейту жазылған. Оған, атап айтқанда, абаттандыру, ТҮКШ, санитарлық жағдай, құқық бұзушылықтың алдын алу, төтенше жағдайлардың алдын алуға қатысу, мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға қатысу мәселелерін енгізу ұсынылып отыр.