Неге тексерістерге қарамастан, Қазақстандағы базарлар мен сауда орталықтары жиі өртенеді? Бұл сұраққа Төтенше жағдайлар министрлігінің Өртке қарсы қызмет комитеті басқармасының басшысы Айгерім Раимқұлова жауап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Оның айтуынша, жыл басынан бері ТЖМ қызметкерлері 2000 және одан да көп шаршы метр болатын жоғары қауіп дәрежесіндегі 63 сауда нысанын тексерген. Бұл қауіптерді басқару жүйесі іске қосылған және алдыңғы тексерістер барысында өрт қауіпсіздігі талаптарын өрескел бұзу деректері анықталған нысандар.
"Өрт қауіпсіздігі талаптарының 950 заңбұзушылығы анықталды. Неге жиі өрт болады? Нысанды өрттен қорғау — бұл екі жақты мәселе: құрылыс жобалау кезіндегі және оны пайдалану барысындағы заңбұзушылықтар. Сауда нысандары, әдетте, өте тығыз орналасқан, рұқсат етілмеген дүңгіршектер бар, бәрі электрмен қамтылған, уақытша сымдар бар, жүктеме біркелкі емес, жыл сайын электр сымдарының оқшаулау кедергісі өлшенбейді. Көптеген кәсіп иесі тіпті нысанның өрт қаупі жоғары күйде тұрғанын білмейді", – деді Айгерім Раимқұлова.
Ол өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес, нысан басшылығы мен жауапты тұлғалар нысандағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті екенін атап өтті. Меншік иелері өз нысанының өртке қарсы жағдайына өздері жауап беруі керек.
"Олар ақша табады, оларға адамдар келеді – ең алдымен, олар сол адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті", – деді Раимқұлова.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!