Қазақстанда қашан электронды дауыс беру өтуі мүмкін? Бұл сұраққа Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) жауап берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Комиссияның Tengrinews.kz сауалына берген жауабында, бүгінде электронды дауыс беру 193 елдің шамамен 40-ында қолданылатыны айтылған. Бұл ретте мемлекеттердің көбінде мұндай технологиялар тек жекелеген өңірлерде немесе пилоттық режимде ғана пайдаланылады.
ОСК мұндай жүйелерді енгізу тәуекелдерді мұқият бағалауды талап ететінін айтты. Әңгіме келесі ықтимал қауіптер туралы болып отыр:
- серверлік инфрақұрылымға жасалатын кибершабуылдар;
- үшінші тұлғалардың араласуы;
- алаяқтық;
- құпия дауыс беру принципінің бұзылуы;
- сайлаушыға қысым көрсету немесе басқа адамның орнына дауыс беру.
Қазақстан электронды дауыс беруді енгізудің халықаралық тәжірибесін, соның ішінде оны дәстүрлі тәсілмен қатар қолданатын Эстонияның тәжірибесін зерттеп жатыр. Сонымен қатар, комиссия бұл елдегі электронды дауыс беру жүйесі "халықаралық деңгейдегі қызу пікірталас тақырыбы болып қала беретінін" атады.
ОСК мәліметінше, 2023 жылғы халықаралық конференцияда сарапшы Давид Дуэнас-Сид интернет арқылы дауыс берудің сайлаушылар белсенділігін арттыратыны немесе сайлау шығындарын азайтатыны туралы тікелей дәлелдер әзірге жоқ екенін мәлімдеген.
Бұдан бөлек, әлемдік тәжірибеде мұндай технологиялардан бас тарту мысалдары да бар. Мәселен, Германияның Конституциялық соты 2009 жылы сайлаудың жариялылық пен ашықтық принципін қамтамасыз ету мүмкін еместігін алға тартып, электронды дауыс беру машиналарын пайдалануға тыйым салды.
ОСК дауыс берудің баламалы түрлерін енгізу халықаралық тәжірибені одан әрі зерттеуді және ықтимал тәуекелдерді бағалауды қажет ететінін атап көрсетті.