Қазақстанда смартфондарды сату ережелері түбегейлі өзгереді

Қазақстанда смартфондарды сату ережелері түбегейлі өзгереді Фото:depositphotos.com

Қазақстанда міндетті верификациядан өтпеген смартфондарды сатып алушылардың құқығын қорғау шаралары күшейтіледі. Мұндай құрылғылар ресми түрде сапасыз тауар деп танылады, ал сатушылар төлем жасалғанға дейін сатып алушыға IMEI-кодты көрсетуге міндеттеледі, деп хабарлайды Tengrinews.kz Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне сілтеме жасап.

Жаңа нормалар телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері жөніндегі заңда (№ 320-VIII) қарастырылған.

Смартфон сатып алушылар үшін не өзгереді?

Жарнама
Жарнама

Түзетулер күшіне енгеннен кейін верификациядан өтпеген телефон сапасыз тауар болып есептеледі.

Бұл дегеніміз, сатып алушы сатушыға жолығып, өз қалауы бойынша мыналарды талап ете алады:

  • смартфон құнын төмендету;
  • кемшілікті тегін жою;
  • оны жоюға жұмсалған шығындарды өтету;
  • құрылғыны соған ұқсас модельге ауыстыру;
  • бағасын қайта есептете отырып, басқа маркалы телефонға айырбастау;
  • келісімшартты бұзып, ақшаны қайтарып алу.

Талаптар смартфон сатып алынған нақты сатушыға қойылуы тиіс.

Бұрын сатып алушылар телефон сырттай дұрыс болып көрінгенімен, қазақстандық желіге қосылғаннан кейін оның IMEI-коды тексеруден өтпегені анықталатын жағдайларға тап болатын. Иесіне тауардың заңды түрде әкелінгенін растау үшін шектеулі уақыт берілетін, содан кейін құрылғы ұялы байланыстан ажыратылуы мүмкін еді. Енді верификацияның жоқтығы сатылған тауардың кемшілігі ретінде тікелей танылады.

IMEI-кодты сатып алғанға дейін көрсетуі тиіс

Сатушыларға қосымша міндеттеме жүктеледі: олар смартфонды сатпас бұрын сатып алушыға құрылғының мәртебесін өз бетінше тексере алуы үшін оның сәйкестендіру кодын ұсынуы керек.

Сонымен қатар сатушы IMEI-кодты мемлекеттік база арқылы алдын ала тексеріп, смартфонның мына талаптарға сай екеніне көз жеткізуге міндетті:

  • бұғатталмаған;
  • шектеулері жоқ;
  • міндетті верификациядан өткен.

Мұндай тексеруден өтпеген телефондарды сатуға тыйым салынады.

Бұл талап тек қарапайым дүкендерге ғана емес, электрондық саудаға да қатысты. Маркетплейстер сатушылармен жасасатын келісімшарттарында смартфондарды сатуға дейін тексеру міндетін бекітуі тиіс.

IMEI-кодтың өзі де сатып алу туралы құжатта: қағаз немесе электрондық чекте, түбіртекте, техникалық паспортта немесе сатуды растайтын басқа құжатта көрсетілуі қажет болады.

Заңда жеке пайдалануға арналған құрылғыларды верификациялауға бөлек шектеу қойылған: жеке тұлға бір күнтізбелік жыл ішінде Қазақстанға әкелінген екі ұялы телефоннан артық верификациялай алмайды. Бұл ретте жеке тұлғалар үшін құрылғыларды тіркеу, верификациялау және қайта тіркеу тегін жүргізіледі.

Смартфонды верификациялау деген не?

IMEI - бұл ұялы құрылғының бірегей сәйкестендіру коды. Әдетте ол 15 цифрдан тұрады. Код телефонды желіде тануға және оның өндірушісі, моделі мен шыққан тегі туралы мәліметтерді тексеруге мүмкіндік береді.

Верификация екі негізгі тексеруді қамтиды:

  • құрылғыны GSM қауымдастығының - GSMA халықаралық базасымен салыстыру;
  • мемлекеттік кедендік және салықтық жүйелер арқылы құрылғыны өндірудің, жөндеудің немесе Қазақстанға әкелудің заңдылығы туралы мәліметтерді тексеру.

Осылайша мемлекет IMEI-кодтың бар-жоғы мен түпнұсқалығын ғана емес, сонымен қатар телефонның елге заңды жолмен әкелінген-келмегенін де тексереді.

Ақ, сұр және қара телефондар: айырмашылығы неде?

Абоненттік құрылғыларды тіркеудің жаңа ережелері Қазақстанда 2025 жылдың көктемінде күшіне енді. Телефондар үш тізімге бөліне бастады.

Ақ тізім - верификациядан сәтті өткен құрылғылар. Олар қазақстандық ұялы байланыс желілерінде ешқандай шектеусіз жұмыс істей алады.

Сұр тізім - жүйеде деректері жеткіліксіз немесе қосымша тексеруді қажет ететін құрылғылар. Мұндай телефонның желіде жұмыс істеуіне уақытша рұқсат беріледі. Иесіне тауардың заңды әкелінгенін растау немесе сәйкессіздіктерді жою үшін 30 күнге дейін уақыт беріледі.

Қара тізім - IMEI-коды қолдан жасалған, өзгертілген немесе қате көрсетілген құрылғылар, зауыттық сәйкестендіргіші жоқ телефондар, сондай-ақ GSMA халықаралық қара тізіміне енгізілген аппараттар. Мұндай құрылғылардың ұялы байланысқа қолжетімділігі шектеледі.

Смартфонды сатып аларда қалай тексеруге болады?

IMEI-кодты телефонда *#06# пәрменін теру арқылы білуге болады. Сондай-ақ код мына жерлерде көрсетіледі:

  • құрылғының параметрлерінде;
  • қорабында;
  • кепілдік талонында;
  • кейде корпусында немесе аккумулятор астында көрсетіледі.

Егер смартфон екі SIM-картаны немесе eSIM-ді қолдайтын болса, оның бірнеше IMEI коды болуы мүмкін. Олардың әрқайсысын тексеру қажет.

Құрылғының мәртебесін eGov Mobile, gov.kz порталы және Мемлекеттік радиожиілік қызметі қадағалайтын imei.rfs.gov.kz сервисі арқылы білуге болады. Жүйе кодтың тіркелген-тіркелмегенін және құрылғыны Қазақстанда пайдалануға рұқсат етілгенін көрсетеді.

Төлем жасамас бұрын телефон баптауларындағы, қорабындағы және сатушының құжаттарындағы IMEI кодтарын салыстырып шыққан жөн. Кодтардың сәйкес келмеуі корпустың ауыстырылғанын, идентификатордың өзгертілгенін немесе құрылғының шығу тегіне қатысты басқа да мәселелер бар екенін білдіруі мүмкін.

Жаңа талаптар қашан күшіне енеді?

Нормалардың негізгі бөлігі 60 күнтізбелік күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.

Демек, верификацияланбаған телефондарды сатуға тыйым салу, IMEI кодын көрсету міндеті және сатып алушылардың мұндай құрылғыларды қайтару құқығы туралы нормалар 2026 жылғы 20 тамыздан бастап күшіне енуі тиіс.

Заңның технологиялық және инфрақұрылымдық бөлігіне (атап айтқанда, құрылғылардың орталықтандырылған базасының жұмысына) қатысты ережелердің бір бөлігі кейінірек - 2027 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді.

Смартфон сатып алмас бұрын тұтынушыларға мынадай кеңестер беріледі:

  • сатушыдан құрылғының барлық IMEI кодтарын сұрау;
  • оларды ресми сервис арқылы тексеру;
  • телефондағы және қораптағы кодтарды салыстыру;
  • чекті, сатушы туралы мәліметтерді және онымен жасалған хаттарды сақтап қою;
  • егер сатушы төлем жасалғанға дейін IMEI кодын беруден бас тартса, құрылғыны сатып алмау.

Неліктен верификациямен жеке компания айналысты?

2025 жылы жаңа жүйе іске қосылғаннан кейін құрылғыларды верификациялау қызметін ATS Mediafon KZ ЖШС көрсетті.

Бизнес үшін бір құрылғыны тексеру ақысы бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде — 2025 жылы 3 932 теңге болды. Цифрландыру министрлігі бұл сома салық немесе мемлекеттік баж емес екенін баса айтты: ақшаны жеке компания коммерциялық техникалық қызметі үшін алды. Өз телефонын верификациялайтын жеке тұлғалар үшін бұл қызмет тегін болды.

Бұл схема депутаттар тарапынан сұрақтар туғызды. Мәжілісте компанияның іс жүзінде нарық үшін міндетті функцияны орындап отырғаны және әрбір тіркелген құрылғыдан ақы алатыны мәлімделді. Депутат Болатбек Нәжметдинұлы өнім берушінің қалай таңдалғанын, қызмет құны қандай негізде белгіленгенін және неліктен IMEI мен дербес деректерді өңдеумен жеке құрылым айналысатынын түсіндіруді сұрады.

Кейінірек үкімет ATS Mediafon KZ компаниясы іріктеу нәтижесі бойынша таңдалғанын, ал компаниямен келісім 2025 жылғы сәуірде жасалғанын хабарлады. Сонымен қатар нарықтың ашық екені және белгіленген талаптар сақталған жағдайда басқа да өнім берушілердің жүйеге қосыла алатыны айтылды.

Верификация мемлекетке беріледі

Сыннан кейін механизмді өзгерту туралы шешім қабылданды. Бұл функция Мемлекеттік радиожиілік қызметіне өтеді. Осылайша, смартфондарды міндетті түрде тексеруді жеке коммерциялық өнім берушінің орнына мемлекеттік ұйым жүргізетін болады.

Мемлекеттік жүйе IMEI кодтарын GSMA деректерімен, кеден органдарының, салық жүйелерінің мәліметтерімен және шекарадан өту туралы ақпаратпен салыстырады деп күтіледі.

Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама