ПОДЕЛИТЬСЯ
08 ақпан 2022 | 11:56
Қазақстанда тағы бір отбасы баласының еміне миллиард теңге жинады
Әлемдегі ең қымбат екпеге мұқтаж болған тараздық Айсезімге 1 миллиард теңге жиналды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Әлемдегі ең қымбат екпеге мұқтаж болған тараздық Айсезімге 1 миллиард теңге жиналды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бір жас жеті айлық Айсезім жұлын бұлшықеті атрофиясының ең агрессив бірінші түрімен ауырады. Үш айынан осы сирек аурумен күресіп келген оның еміне 1 миллиард теңге тұратын "Золгенсма" екпесі қажет. Сол үшін бір жыл бұрын бүлдіршіннің ата-анасы Сағыныш пен Салтанат қызын құтқару үшін халықтан көмек сұраған. Бүгінде ақша жинау аяқталды.
"Осыны жазып отырып, сенбей отырмыз, бұл сәтті қаншама ұзақ күттік, ұзақ жеттік. Мұны бір адам емес, сіздер жасадыңыздар. Ойым шатасып, көзге жас келіп, қол дірілдеп тұр, қуаныштан жүрегім ұшып кетердей болып тұр.
Біз қазір мүмкін емес нәрсе жоқ екеніне көзімізді жеткіздік. Алда көп жұмыс күтіп тұр", - деп жазды Айсезімнің ата-анасы.
Айсезімнің еміне ақшаны тез жинау үшін танымал блогерлер, әншілер білек сыбана кіріскенін айта кетпеске болмайды. Айнұр Тұрсынбаева, Дәулет Төлеутай, Луина, Нұрболхан Шарапов, Елдос "Колобок" бастаған бір топ белсенді үзіліссіз тікелей эфир жүргізіп, бүлдіршіннің еміне қажет қалған соманы халықпен бірге жинап берді. Осылайша, бүгін түнде емге жетпей тұрған 125 миллион 444 мың теңге толық жиналды.
"Жаңа эфирде көзімнен жас бұрқ ете қалды. Қуаныштың көз жасы ғой… Осыдан 2-3 ай бұрын Айсезімнің ата-анасымен эфирге шыққанда анасы Салтанат қызымның шашын өріп, балабақшаға апарғым келеді, әдемі киіммен мектепке апарғым келеді деп эфирде жылағаны бар еді. Сол кезде "Бұйырса ол күнге де жетеміз" дегенмін. Әумин! Әумин! Жаңа сол сөздер еске түсіп, көзіме еріксіз жас келді. Бұл бір тарихи күн! Мұздаған жүрекке жылулық берген қайырымдылық марафоны өз мәресіне жетті! 1 ғана уколдың өзі АҚШ-та 2,3 миллион доллар (1 миллиард теңге) тұрады. Ешкімді бөліп жармаймын, бәріңізге Алла разы болсын. Ең бастысы, Аллам шипасын берсін", - деп жазды блогер Дәулет Төлеутай Instagram-да.
Бүгінге дейін Қазақстанда "Золгенсма" препаратына ақша жинаған бір ғана отбасы болған еді. Ол - ақсайлық Эмир есімді бала. Эмирдің ата-анасы процедурадан кейін ұлының жағдайы едәуір жақсарғанын, тіпті күшейе түскенін және бұрын болмаған дағдылар пайда бола бастағанын айтты.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также