Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің басшысы Алмасадам Сәтқалиев Алматы облысының Жамбыл ауданында салынатын АЭС-ке ең үздік атау беру бойынша бүкілхалықтық конкурс өткізу жөніндегі комиссия құру туралы бұйрыққа қол қойды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұйрыққа сәйкес, конкурстық комиссия осы жылдың 19 қыркүйегіне дейін АЭС-ке ең үздік атау беру конкурсын өткізу ережелерін бекітуі тиіс. Комиссия құрамына Атом энергиясы жөніндегі агенттік басшысы, қазақстандық депутаттар, журналистер мен блогерлер кірді.
"2025 жылдың 17 қазанына дейін конкурс өткізіп, Алматы облысының Жамбыл ауданындағы атом электр станциясына ең үздік атауды анықтауды бұйырамын", – делінген құжатта.
Еске салайық, 8 тамызда Алматы облысында алғашқы атом электр станциясының (АЭС) құрылысы басталып, капсула салтанатты түрде қойылды. Шарада болашақ станцияның макеті таныстырылды. Сәтқалиевтің айтуынша, АЭС құрылысы Үлкен ауылының жанында басталады және шамамен 7 жылға созылуы мүмкін.
11 тамызда Президент Тоқаев АЭС-ке атау беру үшін конкурс жариялауды ұсынды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!