Бүгін қазақстандық бірқатар IT компания өкілдері елдегі құжат айналымы саласындағы мәселелерді көтерді. Олардың айтуынша, қазіргі уақытта электронды құжат айналымы саласында монополиялық жағдай орнаған. Бұл ірі компаниялар мен мемлекеттік сектор арасындағы өзара байланысқа тосқауыл.
Бұған дейін елдегі Монополияға қарсы агенттік Documentolog компаниясы соңғы үш жылда қолданушылар арасындағы еркін құжат айналымын шектеп келгенін мәлімдеген болатын. Тек бұл іске Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі кіріскен соң ғана бұл шектеулер алынған. Алайда, енді нарықта құжат айналымы жүйесінің операторлары арасында роуминг енгізу мәселесі қаралып жатыр.
MetaDoc компаниясының өкілі Дулат Сабырбаевтың айтуынша, мұндай жүйенің техникалық тұрғыда еш қажеттігі жоқ.
"Роуминг енгізілген жағдайда оператор қомақты қаржыға мәліметтерді беруге арналған коммуникациялық жүйені құруға мәжбүр болады. Бұл ретте әрбір қызмет жеткізушісінде өзінің шлюзі бар. Ал Documentolog компаниясында ешқандай техникалық ноу-хау жоқ", – деді ол.
Дулат Сабырбаев мұнда тағы бір мәселе барын айтты. Оның сөзінше, Documentolog мемлекеттік органдарға лицензияларды тегін беріп, бірақ барлық техникалық қолдау мен дамытуды тек өзі атқаратын схема ұсынып отыр.
"Бұл ашық конкурстан айналып өтуге мүмкіндік береді. Басқа компаниялар да лицензияны тегін беруге дайын, бірақ олардың ұсыныстары қабылданбай отыр", - дейді Сабырбаев.
Мамандардың сөзінше, қазір қолға алынып жатқан жұмыстар мемлекет басшысы тапсырған Бірыңғай жүйе құруға емес, бір нақты платформаны дамытуға бағыт алып барады. Ал Президент Бірыңғай жүйені енгізуді ұсынды
"Алайда, мұны "бір жүйе" құру ретінде түсінік қалыптасқан секілді. Мемлекет әрі қолжетімді, әрі түсінікті орталықтандырылған инфрақұрылым құра алады. Құжат айналымының бірыңғай орталығы мемлекеттік органдарға да, сонымен бірге жеке компанияларға да қолайлы болуы тиіс. Бұл ретте роуминг енгізу мәселесінің өзі күн тәртібінен автоматты түрде түсіп қалар еді", – деді Интегро компаниясының өкілі Руслан Шәріпов.
IT сарапшылары бұл мәселені заңнама тұрғысынан шешу керектігін алға тартады. Айталық, оны жаңа Цифрлық кодекс арқылы шешуге болады.
Somnium компаниясының өкілі Қымбат Алибаеваның айтуынша, қазіргі заңнамада компанияларды жүйені бұғаттамауға міндеттейтін талаптар анық жазылмаған. Оның айтуынша, "егер ұйымдар жүйені қолданатын болса, ол хаттар еш шектеусіз жеткізілуі тиіс".