Атырауда қоғамдық орында қыздарға тиіскен ер адам ұсталды. Оқиға түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарады. Жағдайға қатысты полицияның баспасөз қызметі пікір білдірді берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Не болды?
Әлеуметтік желілердегі ақпарат бойынша, оқиға 11 мамырда кешке Азаттық даңғылында болған.
"Қыздардың айтуынша, олар жұмыстан кейін тротуарда тұрып сөйлесіп жатқанда, белгісіз ер адам келіп, олардың бірінің бөксесінен қағып жіберген", – делінген паблик жазбасында.
Ескерту жасап, кетіп қалуын талап еткенде, ер адам қыздардың өзін "арандатты" деп айыптаған. Видеодан зардап шеккендердің бірі ер адамның "аяғы ауыр қызға қол жүгірткенін" айтқанын естуге болады.
"- Ер адам: Өздерің арандатып тұрсыңдар.
- Қыз: Біз арандатып тұрмыз ба? Өзіңіз бізге келдіңіз ғой.
- Ер адам: Неге арандатып тұрсыңдар?" – делінеді видеода.
Полиция не дейді?
Өңірлік полиция департаменті құқық бұзушының жеке басы анықталғанын хабарлады. Ол 36 жастағы ер адам болып шықты.
"Ер адам табылып, қамауға алынды. Оған қатысты жиналған материалдар заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданады", – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Атырау облыстық полиция департаменті тұрғындарды қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырды. Құқық қорғау органдары заңсыз әрекеттер жасалған жағдайда бірден 102 нөміріне хабарласу қажеттігін еске салды.
Бұған дейін Алматыда курьер өз пәтерінде қызға тиіскені үшін жеті тәулікке қамауға алынды. Іс тасталған ұсақ бұзақылық ретінде сараланды.