АҚШ-қа сәлемдеме жібермек болған қазақстандықтар күтпеген мәселеге тап болды. Пошта бөлімшелерінде жөнелтілімді қабылдамайды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мән-жайы
Telegram-ботқа оқырман хабарласып, бір айдан бері АҚШ-қа сәлемдеме жібере алмай жүргенін айтты.
"Соңғы ай бойы бірнеше рет сәлемдеме жібермек болдым, бірақ Қазақстандағы ешбір пошта бөлімшесі АҚШ-қа мұндай жөнелтілімдерді қабылдамайды. "Неге?" деген сұраққа пошта қызметкерлері нақты жауап бере алмайды. "Қазпошта" ресми сайтында да мұндай шектеулер туралы ақпарат жоқ", - деп жазды ол.
"Қазпошта" не дейді?
"Қазпошта" баспасөз қызметі Tengrinews.kz сауалына берген жауабында, шектеу АҚШ тарапынан енгізілгенін түсіндірді.
"Қазпошта" АҚ" хабарлайды: АҚШ-тың шекаралық-кеден қызметінің 2025 жылғы 26 тамыздағы шешіміне сәйкес, АҚШ-тағы алушыларға тауар салынған сәлемдемелерді қабылдау және жеткізу уақытша тоқтатылады. Хаттар мен құжаттарды жіберу әдеттегі тәртіппен жалғасады", - деп мәлімдеді компания.
Ұлттық пошта операторы жаңа ережелердің әлемдегі көптеген елге қатысты екенін нақтылады. Қазіргі уақытта Дүниежүзілік пошта одағына мүше 192 елдің ішінде небәрі бес мемлекет қана АҚШ-қа тауарлық сәлемдемелер жібере алады.
Tengrinews.kz редакциясы ресми пікір алу үшін АҚШ тарапына да жүгінді. Материал жарияланған сәтте жауап келмеді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!