Қазақстандықтар киік етін сатып алуды қойды: енді өнімді не істемек?

ақбөкен Фото © Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Қазақстанда киік етін қайта өңдейтін кәсіпорындар өнімді өткізуде қиындықтарға тап болды. Ауыл шаруашылығы министрлігі қазіргі уақытта мұндай өнімді пайдаланудың бірнеше нұсқасы қарастырылып жатқанын хабарлады, деп жазады Tengrinews.kz.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, киік еті сатылымға шыққан кезде оған сұраныс болған, бірақ бұл көбінесе сатып алушылардың қызығушылығынан туындаған.

"Белгілі бір кезеңде сұраныс жоғары болды, консервілерді де көбінесе таңсық ас ретінде сатып алды. Қазір бұл үрдіс басылды, кәсіпорындар өнімді өткізуде қиындық көріп отыр", – деді ол үкімет кулуарында.

Жарнама
Жарнама

Сұлтановтың айтуынша, қазір Экология министрлігімен және Сауда министрлігімен бірлесіп өнімді пайдаланудың түрлі нұсқалары қарастырылып жатыр. Соның бірі – азық-түлікті үлкен көлемде сатып алатын ұйымдарға жеткізу.

Сонымен қатар вице-министр киік етін балалардың тамақтануы үшін пайдалану жоспарда жоқ екенін атап өтті.

"Мысалы, азық-түлікті жаппай сатып алатын вахталық жұмыс режиміндегі кәсіпорындар бар. Мұндай етті басқа ет түрлерімен бірге рационға қосуға болады", – деп түсіндірді Сұлтанов.

Ол киік етінің тұтынуға қауіпсіз екеніне сендірді. Оның сөзінше, барлық өнім міндетті зертханалық және ветеринариялық бақылаудан өтеді.

Әскерге жеткізу мүмкіндігі туралы сұраққа жауап берген Сұлтанов әзірге мұндай жоспар жоқ екенін айтты. Вице-министр киік еті диеталық өнім болып саналатындықтан, жас сарбаздар үшін еттің өзге түрлері тиімдірек екенін жеткізді.

Сондай-ақ вице-министр киік етінің ұсынылған бағасын төмендету әзірге жоспарда жоқ екенін хабарлады. Оның айтуынша, баға өнімді аулау, тасымалдау және қайта өңдеу шығындарын ескере отырып қалыптасқан. Қажет болған жағдайда, егер кәсіпорындардың шығындары өссе, баға қайта қаралуы мүмкін.

Еске сала кетейік, Қазақстанда киік етін сату дала антилопаларының саны 5 миллион басқа жеткендіктен, олардың популяциясын мемлекеттік реттеудің арқасында мүмкін болды. 2025–2026 жылдары ет сауда нүктелері мен қайта өңдеу кәсіпорындары арқылы заңды түрде сатылады. Өткен жылы өңірлердің бірінде киік етінің бір келісін 1800 теңгеге сатып алуға болатын еді.

Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама