Қазақстанда қабылданбаған қоңыраулар кезінде автодозвон (автоматты қайта қоңырау шалу) функциясын пайдалануға тыйым салынады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Не болды?
Бұған дейін Мәжілістің жалпы отырысында Аймағамбетов автоматты қайта қоңырау шалу мәселесіне назар аударған болатын. Оның айтуынша, мұндай қоңыраулар мазаны алады, сондықтан депутаттар бұған дейін де тыйым салуды ұсынған.
"Бүгінде автодозвон арқылы азаматтарымызды мазалау кәдімгідей үлкен проблемаға айналды, оны жақсы білеміз. Осыған байланысты бұл автодозвонға тыйым салу бойынша норма неге министрлік бүгін қолдамай отыр? Бұйрық деңгейінде шешеміз деп еді, бірақ бірнеше ай өтті, бұйрық деңгейінде де бұл мәселе әлі шешімін таппады", - деді Аймағамбетов Мәжілісте.
Сол кезде цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев автоматты қоңыраулар бойынша ұсыныс қаралатынын айтқан болатын.
Жаңа ережелер
Депутаттың айтуынша, қазіргі уақытта байланыс қызметтерін көрсету қағидаларына тиісті өзгерістер енгізіліп жатыр. Жаңа ережеге сай, абонентті қабылданбаған қоңыраулар туралы SMS арқылы ғана хабарландыру жүзеге асырылады.
Бұдан бөлек, заң жобасы аясында рұқсат етілмеген трафикті генерациялауға тыйым салу бойынша арнайы түзетулер қарастырылып жатыр.