Алдағы әкімшілік амнистия аясында қазақстандықтардың ІІМ бағыты бойынша ғана 17 миллиард теңгеден астам айыппұлы кешіріледі. Жалпы амнистия 15 мемлекеттік органның құзыретіне кіретін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 263 бабын қамтиды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Мәліметке сүйенсек, әкімшілік амнистия азаматтарға, жеке кәсіпкерлерге, сондай-ақ жеке практикамен айналысатын тұлғаларға қолданылады. Олардың қатарында нотариустар, адвокаттар мен жеке сот орындаушылары бар. Олар орындалмаған әкімшілік айыппұлдардан босатылуы мүмкін.
Жеңілдік 2026 жылғы 17 наурыз сағат 24:00-ге дейін жасалған құқық бұзушылықтарға қатысты қарастырылады.
Бұл шара халық пен кәсіпкерлерге түсетін қаржылық жүктемені азайтып, олардың экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған. Тек ІІМ желісі бойынша амнистия 1 миллионға жуық әкімшілік айыппұлды қамтиды. Оның жалпы сомасы 17 миллиард теңгеден асады.
ІІМ Заң және норма шығаруды үйлестіру департаменті бастығының орынбасары Ермек Шульденнің айтуынша, әкімшілік амнистия барлық құқық бұзушылыққа бірдей қолданылмайды.
"Әкімшілік амнистия теңгерімді сипатқа ие. Ол адамдардың өмірі мен қоғамдық тәртіпке қауіп төндіретін құқық бұзушылықтарға қолданылмайды. Олардың қатарында қару мен есірткінің заңсыз айналымы, жол қозғалысы ережесін өрескел бұзу, соның ішінде мас күйінде көлік жүргізу, қарсы жолаққа шығу және жүргізуші куәлігінен айыруға әкеп соққан өзге де бұзушылықтар бар. Сондай-ақ қайталанған құқық бұзушылықтар мен сотта қаралып жатқан істер амнистияға жатпайды", – деді Ермек Шульден.
Бұған дейін Мәжіліс депутаттары Қазақстанның жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты амнистия туралы заң жобасын жұмысқа алғаны хабарланған еді. Сонымен қатар Парламент Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске тиісті түзетулерді қарастырады.