Қазақстандықтар интернеті болмаған жағдайда да eGov, e-Otinish және Aitu ұлттық мессенджерін пайдалана алады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Мәжілісте телекоммуникация нарығы мен деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері жөніндегі заң жобасы аясында осындай түзету қарастырылып жатыр.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев әлеуметтік маңызы бар цифрлық сервистерге тарифтелмейтін қолжетімділікті қамтамасыз ету жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
"Тіпті теңгерім нөлге тең болғанда да eGov, e-Otinish және тағы басқа платформаларға қолжетімділік қамтамасыз етіледі", - деді Мәдиев.
Оның айтуынша, мемлекеттік ақпараттық жүйелерді әзірлеу кезінде ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін сервистердің қолжетімділігі де ескерілетін болады.
Сонымен қатар Қазақстанда төтенше жағдайлар кезінде 112 қызметіне адамның орналасқан жерін анықтау мүмкіндігін беру ұсынылып отыр. Бұл шұғыл көмек қажет ететін адамдарды жылдам табуға септігін тигізуі тиіс.
Мән-жайы
Бұған дейін Жаслан Мәдиев Қазақстанның eGov-тан бас тартпайтынын мәлімдеген болатын, өйткені бұл мемлекеттік қызметтерді алудың "аса маңызды құралы". Оның айтуынша, мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы қазірдің өзінде онлайн қолжетімді.
Мемлекеттік органдардың қазақстандық Aitu мессенджеріне көшірілетіні хабарланған болатын. Кейіннен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейінгі тапсырмаларға қарамастан, мемлекеттік органдардың Aitu-ды пайдаланбайтынын сынға алды.