ПОДЕЛИТЬСЯ
- Басты
- 14 шілде 2026 09:38
Қазақстандықтарға кей табыс түріне салынатын салық жойылуы мүмкін
Қазақстанда азаматтарды цифрлық активтермен жасалатын операциялардан түсетін кірістер бойынша жеке табыс салығын (ЖТС) төлеуден уақытша босату ұсынылып отыр. Тиісті түзетулер Салық кодексі жобасына енгізілген өзгерістердің жаңа пакетіне енді, деп хабарлайды Tengrinews.kz үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бастама премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жаңа Салық кодексін енгізу жөніндегі Жобалау кеңсесінің 21-ші отырысында қаралды.
Қандай табыстар салықтан босатылмақ?
Түзетулерде, егер мәмілелер қазақстандық цифрлық активтер қызметін көрсетушілер арқылы жасалса, жеке тұлғалардың цифрлық активтермен операциялардан алған табыстарынан ЖТС алмау ұсынылады.
Жеңілдікті үш жылға - 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейін.
Үкімет ақпаратынша, бұл шара Қазақстандағы цифрлық активтердің заңды айналымын ынталандыруға бағытталған.
Тағы қандай өзгерістер ұсынылып отыр?
Жаңа пакет Жобалау кеңсесінің, бейінді жұмыс топтарының жұмыс нәтижелері бойынша, сондай-ақ Мемлекет басшысының, Үкіметтің және премьер-министрдің тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген 45 түзетуді қамтиды.
Өзгерістердің бір бөлігі инвестициялық саясатқа қатысты. Атап айтқанда, салықтық преференциялардың толық пакетімен инвестициялық басым келісімшарттар мен инвестициялар туралы келісімдер жасасу механизмін қалпына келтіру ұсынылып отыр.
Сонымен қатар инвесторларға жобаларға қажетті инфрақұрылымды өз бетінше тартуға рұқсат берілуі мүмкін, бұл ретте шығындар кейіннен корпоративтік табыс салығы бойынша шегерімдер механизмі арқылы өтеледі.
Пакетке тағы қандай салықтық жеңілдіктер енді?
Пакетке бұған дейін мақұлданған бастамалар да кірді, олардың ішінде:
- тауарларды таңбалау шығындары бойынша аса ірі көлемдегі шегерім енгізу;
- мүгедектігі бар тұлғалар үшін ЖТС бойынша шегерімдерді кеңейту;
- кейбір табыстарды әлеуметтік салықтан босатуды қалпына келтіру;
- факторинг пен форфейтингті ҚҚС-тан босату;
- ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша ҚҚС есепке алу тәртібін түзету;
- жеміс-жидек шараптарына акциз енгізу.
Бұдан бөлек, салықтық әкімшілендіруді одан әрі цифрландыруға, салықтық рәсімдерді жетілдіруге және қолданыстағы Салық кодексін пайдалану кезінде анықталған проблемаларды жоюға бағытталған өзгерістер ұсынылып отыр.
Бұл ретте бастамалардың бір бөлігі әлі де бизнес өкілдерімен талқылануы тиіс. Оларды пысықтау жұмыстары заң жобасы қарауға енгізілгенге дейін Жобалау кеңсесінің алаңында жалғасады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Үкімет жаңа Салық кодексінде қарастырылған ЖТС бойынша жаңа салықтық шегерімдерді қолдану тәртібін түсіндірген болатын. Атап айтқанда, 2026 жылдан бастап айына 30 АЕК мөлшерінде (2026 жылға арналған есептеулер бойынша 129 750 теңге) базалық салықтық шегерім енгізілді. Бұл ретте Үкімет, егер қызметкердің табысы шегерім сомасынан төмен болса, пайдаланылмаған бөлігі келесі айға ауыстырылмайтынын - шегерім әрбір күнтізбелік айда жеке қолданылатынын нақтылады.
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу