Қазақстандықтарға микрокредит рәсімдеу кезінде жалған "кепілдіктер" беріліп келген, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) "кепілдік" желеуімен таңылған қызметтер арқылы табыс тапқан микроқаржы ұйымдарының (МҚҰ) ауқымды схемасын анықтады.
Төрт ұйым бойынша "кепілдік" деп аталатын шарттар аясындағы айналым 55,9 миллирад теңге болғаны анықталды. Ал төленбеген қосылған құн салығы (ҚҚС) 6,1 миллирад теңгеге жеткен.
Бұл қорытындылар апелляциялық тәртіпте де, сот органдарымен де расталған.
Сонымен қатар шамамен 26 миллирад теңге көлеміндегі операциялар анықталған. Олар сақтандыру агенттік қызметі аясында жүргізіліп, ҚҚС-тан босатылған ретінде көрсетілген. Қазір бұл бағыт бойынша тексеру жалғасып жатыр.
Қандай схема қолданылған?
Комитет мәліметінше, кейбір микроқаржы ұйымдары табыстың бір бөлігін салықтан шығару үшін арнайы схема қолданған.
Механизм былай жұмыс істеген:
- несие рәсімдеу кезінде клиентке қосымша "кепілдік" қызметі ұсынылған;
- бұл қызмет қағаз жүзінде қаржылық операция ретінде көрсетілген;
- бірақ іс жүзінде ол қарызды өтеу мерзімін ұзарту (кейінге қалдыру) қызметі болған.
Яғни, қарыз алушы "кепілдік" үшін ақша төлеген, бірақ бұл төлемдер ҚҚС-тан босатылған операция ретінде рәсімделген.
Тексеру нәтижесіне сәйкес, түрлі шарттар қолданылғанымен, олардың барлығы бір қызметке - ақылы операцияға жатады.
Осылайша, экономикалық тұрғыдан бұл қызметке салық салынуы тиіс болған.
Мұндай жағдайлар жалғыз емес
Комитет мұндай тәсілдер тек жекелеген жағдай емес екенін атап өтті. Ұқсас схемалар микроқаржы ұйымдарының басқа қызмет түрлерінде де кездеседі.
Мысалы, сақтандыру агенттік қызметінде де дәл осындай модель анықталған.
Қазіргі уақытта тексерулер жалғасып жатыр. Қорытындысы бойынша тиісті салықтық шаралар қабылданады.
Комитеттің мәліметінше, негізгі мақсат - операциялардың нақты экономикалық мәніне сай дұрыс салық төлеуді қамтамасыз ету және формалды схемалар арқылы салықтан жалтарудың алдын алу.