Қазақстандықтарға паптап ыстықта күндіз сыртқа шықпау ұсынылды

Қазақстандықтарға паптап ыстықта күндіз сыртқа шықпау ұсынылды Фото © Tengrinews.kz

Шіліңгір ыстық, балқыған асфальт пен күндіз қаңырап бос қалған көшелер қазақстандық жаздың үйреншікті көрінісіне айналды. Елдің көптеген өңірінде аптап ыстық орнады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.

Синоптиктердің мәліметінше, ел аумағының басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан жоғары. Алдағы күндері орталық, солтүстік және батыс облыстарда сынап бағанасы 40 градусқа дейін көтеріледі. Ал оңтүстікте кей жерлерде ауа температурасы +45 градусқа дейін жетуі мүмкін. Сонымен қатар, кей өңірлерде екпінді жел соғып, найзағай ойнауы ықтимал.

"Қазгидромет" баспасөз хатшысы Аружан Мұратованың айтуынша, атмосфера фронттарының өтуіне байланысты республиканың басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. Кей жерлерде найзағай ойнап, өткінші жаңбыр жауады. Батыс өңірлерде бұршақ жауып, дауыл тұруы мүмкін.

Жарнама
Жарнама

"Шығыста, оңтүстікте, оңтүстік-батыста және орталықта жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Дегенмен кей өңірлерде жаңбыр жауғанымен, аптап ыстық сақталады. Қазір Қазақстанда байқалып отырған аптап Иран аумағынан келген ыстық әрі құрғақ ауа массаларына байланысты. Дәл осы ауа ағыны елдің көптеген өңірінде температураның одан әрі көтерілуіне әсер етіп отыр", - деп түсіндірді ол.

Мұндай ауа райында дәрігерлер күндізгі сағат 11:00-ден кешкі 17:00-ге дейін аса қажет болмаса, далаға шықпауға кеңес береді. Әсіресе қарт адамдар, балалар және ашық аспан астында жұмыс істейтіндер сақ болғаны жөн.

Мамандар суды көбірек ішіп, ашық түсті киім киюге, мүмкіндігінше көлеңкеде немесе кондиционері бар ғимаратта болуға кеңес береді. Ал елорда тұрғындары аптап ыстыққа қалай төтеп беріп жүргендерін айтып берді.

"Өте қатты ыстық, шыдау мүмкін емес... Тек кондиционері, салқын суы, қарбызы және басқа да нәрселері бар пәтерге тығылуға тура келеді. Биыл ерекше ыстық. Бұрын мұндай байқалмаған еді... Білмеймін, дәл осындай аптаптың болғаны мүлде есімде жоқ", - деп қала тұрғындары өз пікірлерін бөлісті.

Болжам бойынша, шектен тыс жоғары температура тағы бірнеше күн сақталады. Кей аймақтарда күндіз 42-45 градусқа дейін қатты аптап болады.

Тұрғындарға ескертулерді мұқият қадағалап, сақтық шараларын сақтау және көліктерде балалар мен жануарларды қалдырмау ұсынылады.

Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама