Ресей президенті Владимир Путин Астана мен Мәскеу арасында көптеген мәселе бойынша үнемі пікірталастар туындап тұратынына қарамастан, Қазақстанмен қарым-қатынас өте сәтті дамып келеді деп санайды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz. Ол бұл туралы халықаралық ақпараттық агенттіктер басшыларымен өткен кездесуде айтты.
"Ымыраға келу ниеті бар"
Путиннің Қазақстанға сапарынан бірнеше күннен кейін өткен кездесуде ҚР Президенті Телерадиокешенінің директоры Раушан Қажыбаева Ресей президентінен екі ел халықтары арасындағы достық пен тату көршіліктің жеті негізі туралы бірлескен құжаттың қабылдану маңыздылығын сұрады.
Путин Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың "өте сәтті және өрлеу жолымен" дамып келе жатқанын атап өтті.
"Сонымен қатар қазақстандық достарымыз бен серіктестеріміз оңайлықпен келісе салатын серіктестер емес екенін бірден айтқым келеді. Бізде әр мәселе бойынша дерлік әрқашан қызу пікірталас жүреді. Бұл қаржылық қарым-қатынастарға, өнеркәсіптегі байланыстарға, инвестициялық қызмет жағдайларына және кейбір ірі жобаларға қатысты. Дегенмен екі тарапта да тек екі жақтың көңілінен шығып қана қоймай, ортақ мақсаттарға жетуге септігін тигізетін ымыраға келу ниеті бар. Ал ортақ мақсат біреу – ол Қазақстан мен Ресей азаматтарының дамуы мен әл-ауқатын арттыру", - деді Путин.
"Қазақстанның ресурстарына бүкіл әлемде сұраныс жоғары"
Ресей президенті энергетика тақырыбына және Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының бірлескен құрылысына жеке тоқталды.
"Қазақстан – бүкіл әлемде өте қажет және сұранысқа ие мол ресурстары бар ел екенін атап өткім келеді. Мен электр станцияларына, атом электр станцияларына қажетті отынды айтып отырмын. Біз Қазақстанмен табысты ынтымақтастық орнатып келеміз. Өзінің ресурстық базасына сүйеніп және ортақ әлеуетті дамыта отырып, Қазақстан үлкен жетістіктерге жетіп, энергетика саласындағы көптеген міндетті шешеді деп сенемін және энергетикалық ресурстарын әртараптандырады. Меніңше, Қазақстан қажетті электр энергиясының шамамен 20 пайызын атом электр станциясы арқылы алмақ", – деді Путин.
"Көмек көрсете алсақ, көмектесеміз" - Путин сыйға тартылған жолбарыстар туралы
Ресей Президенті өңірдегі жолбарыс популяциясын қалпына келтіру аймақ елдері арасындағы ынтымақтастықтың табиғи әрі қалыпты үлгісі екенін еске салды.
"Біз Қиыр Шығыс жолбарыстарының популяциясын сақтау үшін көп жұмыс жасадық. Айтпақшы, бұл әлемдегі ең ірі жолбарыстар, одан үлкені жоқ. Қиыр Шығыс жолбарыстары – ең ірісі. Осыған ұқсас жолбарыстар кезінде Қазақстанда да болған, егер біз достарымызға, бұл жағдайда Қазақстандағы достарымызға қандай да бір көмек көрсете алсақ, біз әрине жасаймыз", - деді Путин.
Ол әлемдегі көптеген елдің осы жануарлардың популяциясын сақтауға алаңдаушылық білдіріп отырғанын, сондықтан бұл мәселе бойынша ынтымақтастық басым бағыт екенін айтты.
Еске салайық, мамырдың аяғында Ресей президенті Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Кездесулер қорытындысы бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту және өнеркәсіп, энергетика, көлік және логистика, агроөнеркәсіптік кешен, цифрландыру салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективасы талқыланды. Кездесулер нәтижесінде мемлекет басшылары Қазақстан мен Ресей халықтарының достығы мен тату көршілігінің жеті негізі туралы бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президентінің мемлекеттік сапары табысты өткенін жеткізіп, екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастарының жылнамасына енетініне сенім білдірді. Президенттің сөзінше, бгінгі қол қойылған құжаттар мен уағдаластықтар Қазақстан-Ресей серіктестігінің сипатына сай. Оның мәні – дәстүрлі достық пен тату көршілік қатынастарды барлық саладағы ортақ прогреске ұмтылыспен ұштастыру.