ПОДЕЛИТЬСЯ
09 желтоқсан 2016 | 12:41
"Қазақстанның құрметті азаматы" байқауының жеңімпазы Астанадан екі бөлмелі пәтер алады
"Қазақстанның құрметті азаматы" байқауының жеңімпазы Астанадан екі бөлмелі пәтер алады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
"Қазақстанның құрметті азаматы" байқауының жеңімпазы Астанадан екі бөлмелі пәтер алады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
BI Group ірі құрылыс компаниясы Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай "Қазақстанның құрметті азаматы" атты жобасын ұйымдастырды. Байқаудың басты мақсаты - қазақстандықтардың қандай да бір жетістігін немесе күнделікті жасаған еңбегін басқаларға үлгі етіп көрсету. Қатысушылар еліміздің түрлі өңірлерінен, мамандықтары басқа және жас ерекшеліктері әр түрлі болуы мүмкін, бірақ оларды бірнеше жылдар бойы жасаған игі істері біріктіреді. Айта кетейік, байқаудың 10 финалисі анықталып қойды.
Tengrinews.kz тілшісі "Қазақстанның құрметті азаматы" байқауының 10 финалисі жайлы мәлімет жинады.
Бірінші үміткер - "Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығы" АҚ онкогематология бөлімшесіндегі әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы Марина Чейшвили. Ол - айналасындағы барлық адамдарға мейірімі, махаббаты шексіз жан, үлгілі Ана. Марина Чейшвилидің Астана қаласындағы клиниканың онкологиялық бөлімшесінің әлеуметтік маманы болуы кездейсоқ жағдай емес. Қатерлі ісікке шалдыққан баласы өмірден өткеннен кейін, Марина қатерлі ауруларға шалдыққан адамдарға тегін көмектесу үшін Астанада қалады.
Кейін клиника басшылығы оны Онкология және трансплантология орталығының штатына ресми қабылдау үшін барлық жағдайды жасайды. Баласының емделуіне жиналған барлық қаражатты қымбат дәрілерге мұқтаж аурухана емделушілеріне жұмсайды. Өмір мен өлім арасында жатқан, көмекке мұқтаж жандарға бар уақытын, күшін аянбай жұмсайды. Маринаның әріптестері мен Орталықтың емделушілері, туыстары оның жүрегінің таза, пейілі кең екенін және ауыр хал үстінде жатқан адамдар үшін әрдайым уақытын табатынын айтады.
Екінші үміткер - Алмаз Ержан. Алмаз Ержанның өміржолы - адам талпынысының жүзеге асуында шек жоқ екендігінің көрінісі. Өзінің емделмейтін диагнозы мен мүгедектер арбасына таңылған адамдарға ешқандай да жағдай жасалмаған қала сыртындағы ауылда тұратынына қарамастан, қазақ интернетіндегі ең танымал блогерлердің біріне айналды. Facebook желісіндегі жеке жазбаларынан бастап, ол әлеуметтік тақырыптарды қозғауға кірісті. Ешкімнің көмегінсіз Астанаға көшіп келіп, қарттар мен мүгедектер үйінде тұрды. Оның белсенділігінің арқасында материалдық көмекке ғана емес, қоғаммен қарым-қатынасқа да мұқтаж болған қарттар үйінде көптеген жобалар жүзеге асырылды.
Бүгінде Алмаз "Бәйтерек" холдингі мен "ДАМУ" кәсіпкерлерге қолдау көрсету қорының кеңесшісі, Астана қаласы әкімдігінің қолжетімді орта сұрақтары бойынша кеңес басшысының орынбасары, "ELAMAN әлеуметтік-инновациялық жобалар қорының" төрағасы. Алмаз мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқын қорғаушы ретінде танымал. Оның белсенді азаматтық позициясы мен әлеуметтік желілердегі жазбаларының арқасында қоғам Қазақстандағы мүгедектердің жағдайын белсенді талқылап, мәселелер шешіле бастады. Алмаз Ержанның кандидатурасын бұл жобаның барлық сарапшылар бірауыздан ұсынды. Сонымен қатар, оның кандидатурасын басқалар да ұсынды. Осыған байланысты Алмаз Ержан Сарапшылар Кеңесінен шығарылып, байқау үміткерлерінің қатарына енгізілді.
Үшінші үміткер - Азиз Заиров. Жетімдер үйінде өсіп, мүгедек болып, түсінбеушілік пен қатыгездікке толы қиын жолдан өтсе де, ашулы немесе өмірге өкпелі адам емес. Қиындықтарға төтеп беру арқылы шыңдалып, өз бойынаншығармашылық пен өзін-өзі дамытуға деген потенциал аша білді. Белсенді әлеуметтік позицияны ұстану арқылы материалдық немесе физикалық тұрғыда мүмкіндіктері шектеулі жандарға өздерінің потенциалдарын ашуға көмектесе бастады. Азизды бәрі жауапкершілігі мол, шыншыл адам ретінде, әсіресе ондаған әлемдік жүлделерге ие болған "Быть или не быть" фильмінің авторы, талантты режиссер ретінде біледі.
Қаржылық қиыншылықтарға байланысты баспанасы болмағандықтан, Азиз біраз уақыт Алматы қаласының мүгедек балалар ата-аналары қауымдастығының кеңсесінде тұрған. Ол мүмкіндігі шектеулі балаларға актерлік шеберлік пен кинофильм өндірісінің қыр-сырын үйретеді. Көп уақытын БЦС ауруына шалдыққан балаларды әлеуметтендіруге байланысты жобаларға бөледі. Азиз өскелең ұрпақ пен қазақстандықтардың көпшілігіне маңызды әлеуметтік-қоғамдық жұмыстарға жанын салатын азамат ретінде көпшілікке үлгі бола алады. Қазіргі уақытта Азиз бұрынғы еңбегі секілді қоғамда резонанс туғызатын маңызды тақырыпта фильм түсірумен айналысуда. Өзінің шығармашылығын ол тағдыры қиын, қоғамның әлсіз мүшелеріне арнайды.
Төртінші үміткер - фотограф, блогер және қоғам қайраткері Карла Нұр. Оны көпшілік «Клуб 28 петель» атты жобасы ретінде біледі. Денис Кулькин, "National business" журналының бас директоры, Сараптамалық кеңес мүшесі: "Мен Карла Нұрмен жеке таныс емеспін, оны сипаттай да алмаймын. Бірақ ол менің жаңа туған сәбиімнің өмірін сақтап қалуға қол ұшын берді, тек менің ғана емес, Қазақстандағы мыңдаған басқа да бүлдіршіндер бар. Менің Дивнам мерзімінен бір ай бұрын дүниеге келді. Алматыдағы 3-ші перзентхананың патология бөлімшесінің меңгерушісі, жүннен тоқылған заттар - кеудеше, бас киім және шұлықтың шұғыл қажет екенін айтты. Сәбиім үшін дәл осы күні бұл нәрселерді табу маған мүмкін еместей көрінді. Олар қай жерде сатылады?! Сұрағымды толық қоймай жатып, меңгеруші "Клуб 28 петельді" іздеңіз - олар тегін береді" деген еді.
Айта кетейік, клуб Қазақстан, Қырғызстан, Украинаның барлық дерлік қалаларында бар. Сондай-ақ, Карла Нұрдың кандидатурасын бірнеше сарапшылармен бірге бірнеше ондаған адам жоба сайтына енгізді. Қоғамның игілігі үшін жасап жатқан оның бұл бастамасы мыңдаған адамдардың назарын аудартты.
Бесінші үміткер - Мұрат Қабылбаев. Мұрат Қабылбаевтың өміржолы - ерекше және үлгі болуға тұрарлық. Ол - бұрынғы молда. Бұл мәртебеден отбасы мен адамдарға басқалай көмек көрсету жолында бас тартқан жан. Барлығы отбасылық мәселеден басталды - олар жары екеуі біраз уақыт бала сүйе алмаған, ал 9 жылдан кейін, олардың тұңғыштары дүниеге келгенде, олар жетім балаларды асырап алуға шешім қабылдап, әр түрлі ұлттан бірден 10 баланы қамқорлыққа алған. Мұрат дені сау жұмыс жасаушы азамат ретінде, қоғамға, мемлекетке, әсіресе адамдарға көмек көрсетуді міндет деп санайды. Ол www,usynovite.kz сайтының редакторы және қайырымдылық қорның үйлестірушісі болды.
Мұрат балаларды тәрбиелеумен қатар, бала асырап алғысы келетін қазақстандықтарға кеңес беріп, психологияылық және тағы да басқа қолдау көрсетеді, отбасымен Астанадан 250 шақырым жерде орналасқан ауылда тұратындығына қарамастан, бала асырап алған немесе ниеттенген ата-аналарға семинарлар өткізеді. Қазақстан қоғамының құндылықтары мен өскелең ұрпақты тәрбиелеуге байланысты көптеген мәселелерді көтерген "Покажи мне небо" атты кітабының авторы. Мұрат Қазақстанда жетім балалар болмау керектігін сенімді түрде айтады. Оның пікірінше, әрбір бала өз жанұясында тұруы керек.
Алтыншы үміткер - Нагима Плохих. Қазақстандағы бірінші "Детский хоспис" және "Здоровая Азия" қорының негізін салушы. Нагима Джумашевна Плохих мыңдаған әйелдердің, балалардың өмірін сақтап қалды. Мұның барлығы одан кеуде ісігін тауып, 3-ші деңгейлі рак диагнозын қойғаннан басталды. Нагима Джумашевнаның айтуы бойынша, осыдан кейін оның өмірге деген құштарлығы арта түскен. Онкологиялық аурумен ауыратын әйелдердің мәселелерін өз басынан кешкен кезде, Нагима Плохих әрбір деңгейде не психологиялық, не моральды, не материалды тұрғыдан қолдау көрсетілмеген "тозақ шеңберінен" өтті.
Ол 90- жылдары "кеуде ісігі" диагнозының таралуына қарсы ұйым қалыптастырып, Қазақстанға алғашқы гуманитарлық көмек күштерін тартып, шетелдік, кейіннен, қазақстандық демеушілердің қаржыларына алғашқы кеуделік протездер мен диагнозды анықтайтын алғашқы құрылғыларды алып келді. Міне, 25 жыл бойы осы аурудың алдын-алу диагностикасын үгіттеумен келеді. Мыңдаған әйел адам ауру туралы нақты ақпарат, ғажайып күшке ие психологиялық көмек алуда. Бүгінде әйелдер "кеуде ісігі" - соңғы кесім еместігін, ал оның алдын-ала диагностикасы осындай диагнозбен де толыққанды өмір сүруге болатындығын түсінеді. Осылайша, Нагима Плохих онкологиялық аурумен ауыратын балаларға көрсетілетін ерекше күтім мәселесі бойынша пионерге айналып, Қазақстандағы алғашқы балалар хосписін ашты. Нагима Джумашевна - жалып адами құндылықтарға берілген сирек адамдарың бірі.
Жетінші үміткер - Азамат Темірбаев. Ол - 32 жаста, көру қабілеті нашар 1 топтағы мүгедек. Талантты музыкант. Көру қабілеті нашар балаларға арналған Алматыдағы Н.Островский атындағы мектеп-интернатын бітіреді. Онда ол гитара мен барабанда ойнауды үйренеді. Қиындықтарға қарамастан Азамат П. Чайковский атындағы колледжге оқуға түседі. Екінші курстан бастап түрлі жобаларға бас-гитарист ретінде қатыса бастайды. Колледжді тәмамдағаннан кейін Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына түседі. Белсенді өмір салтын ұстанады, еліміздің барлық мәдени шараларына қатысады, тіпті танымал "Мотороллер" тобының музыканты да болды.
Жеке өнер көрсетуді 2013 жылы Астана қаласына көшкеннен кейін бастауды шешті. Қазіргі уақытта шығармашылық жұмыстармен белсенді айналысып келеді: өлең жазады, еліміздің әр түрлі концерттік алаңдарында өнер көрсетеді. Ол үнемі жаңа нәрселерді танып білуге ұмтылады, тек музыка саласында ғана емес, ғылым, өнер, саясат. Әрине, оның басты арманы - әлемді өз көзімен көру, отбасы құру, сәбиінің ең алғашқы күлкісін көру. Дене сырқатына бола еңсесін түсіруге дайын қаншама жасөспірім жандар үшін Азамат үлгі болады десек, қателеспеспіз. Азамат өзінің жетістіктерімен және қандай да бір қиындықтарға қарамастан, қиындыққа мойымай толыққанды жарқын өмір сүруге болатынын көрсетті.
Сегізінші үміткер - Жансая Әбдімәлік. Жансая Әбдімәлік - шахматтан әлем чемпионы, халықаралық гроссмейстер, еліміздің мақтанышы. Жансаяны шахмат әлемінде "шахмат ханшайымы" деп атайды. Өзінің алғашқы атағын шахматтан 8 жасқа дейінгі қыздар арасында Алматыда өткен чемпионтта небәрі алты жасында жеңіп алды. 2008 жылы Жансая балалар арасында әлем чемпионы және Азия чемпионы, ал Варшава қаласында өткен халықаралық турнирінде әлем чемпионы атағына ие болды. 2013 жылы ол Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) әлемдегі ең үздік жүз гроссмейстердің қатарына енді.
2016 жылы өз мансабында алғаш рет әйелдер арасында өткен Қазақстан чемпионатында жеңіске жетті. Қазақ қызының ержүректілігі көптеген балалар мен жасөспірімдер үшін үлгі болды десе болады, өйткені оған еліктеген қаншама балалар шахмат мектептеріне барып, бұл спорт түрінің қыр-сырын меңгере бастады.
Тоғызыншы үміткер - Дмитрий Родин. Дмитрий Родин 1981 жылдан бері пилот болып қызмет етіп келеді. Bek Air әуе компаниясында 2014 жылдан ұшақтарды басқарып келеді. Осы уақыт аралығында шамамен 13 мың сағат әуе кеңістігінде ұшқан.
2016 жылдың 27 наурызында Астана әуежайында қонуға келген кезде алдыңғы шассиі ашылмай қалған "Fokker-100" әуе кемесін апатты жағдайда қондырды. Экипаж командирі Дмитрий Родиннің тәжірибесі тура 121 адамның өмірін сақтап қалды. Бақытына орай бұл оқиғадан ешкім зардап шекпеді, бірақ, пилоттың әріптестері Дмитрий Родиннің жоғары дәрежелі кәсібилігін мойындады. Ол өз ісіне деген жауапкершілігі мен апатты жағдайда көрсеткен ерлігі арқасында басқаларға үлгі болатындай азамат екенін дәлелдеді.
Оныншы үміткер - белгілі қазақстандық режиссер, драматург, ақын, жазушы, аудармашы Ермек Тұрсынов. Оның қызметі мен фильмдері де өзгелерден айтарлықтай ерекшеленеді. Мұны көрермендер де, сыншылар да мойындайды. "Құрметті азамат" жобасының Сараптамалық кеңесі мүшелерінің пікірі бойынша Ермек Тұрсынов байқаудың үміткері болуға оның шығармашылығы ғана түрткі болған жоқ. Оның қоғамдық мәні бар және өткір жарияланымдары қаншама қазақстандықтарды бейжай қалдырмады.
2008 жылы ол "Келін" фильмін түсіріп, өзінің режиссерлік мансабын бастады. Қазақ режиссерінің бұл туындысы американдық "Оскар" кинобайқауының "Үздік шетелдік фильм" аталымы бойынша жартылай финалына шыққан тоғыз фильмнің қатарынан көрінді. 2012 жылы Эрнест Хэмингуэйдің "Шал мен теңіз" хикаясы желісі бойынша түсірілген "Шал" фильмі жарыққа шықты. Алматыда өткен "Жыл таңдауы" XIII фестивалінде "Шал" "Жыл фильмі" деп танылып, "Құлагер" ұлттық сыйлығына ие болды. 2013 жылы "Киношок" фестивалінде фильм гран-приді жеңіп алды.
Енді қазақстандықтар BI-AZAMAT.kz сайтында дауыс бере алады.
1. Үміткерді таңдап, "Дауыс беру" батырмасын басасыз.
2. Ұялы телефоныңыздың нөмірін жазасыз.
3. Сізге код көрсетілген хабарлама келеді.
4. Хабарламадағы кодты енгізіп, "Дауыс беру" батырмасын басасыз
5. Сіздің даусыңыз қабылданды.
Бір нөмірден тек бір рет дауыс беруге болады.
Дайындаған: Мөлдір Қалықова
Показать комментарии
Читайте также