ПОДЕЛИТЬСЯ
13 сәуір 2022 | 14:00
Қазақстанның Қызыл кітабына тағы қандай жануарлар енді?
Қазақстанның Қызыл кітабы жыл сайын жаңарып жатыр. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы жəне жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы Олжабек Холов елімізде сирек кездесетін жануарларға ерекше күтім керек екенін айтты. Tengrinews.kz тілшісі министрлікке сауал жолдап, мәселенің мән-жайын сұрады.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Қазақстанның Қызыл кітабы жыл сайын жаңарып жатыр. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы жəне жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы Олжабек Холов елімізде сирек кездесетін жануарларға ерекше күтім керек екенін айтты. Tengrinews.kz тілшісі министрлікке сауал жолдап, мәселенің мән-жайын сұрады.
Маманның айтуынша, Қазақстан аумағында сирек кездесетін жануарлардың 44 түріне қауіп төніп тұр.
"Өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiнiң тiзбесiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 31 қазандағы № 1034 Қаулысына сәйкес, сирек кездесетін және құрып кету қауіпі төнген жануарлардың тізіміне 44 түрі енгізілген", - дейді ол.
Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту бойынша шараларды жүзеге асыру Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне жүктелген.
"Қазіргі таңда қорғау жұмыстарын Комитеттің бағынысындағы облыстық аумақтық инспекциялар, "Охотзоопром ӨБ" арнайы мамандандырылған кәсіпорны және аңшылық шаруашылығы субъектілері жүзеге асырып жатыр. Бұлардың әрқайсы сирек кездесетін және құрып кету қауіпі төнген жануарлардың ісін жан-жақты зерттеумен айналысады. Министрліктің тапсырмасына сәйкес тиісті шаралар қабылданды", - деді Олжабек Холов.
Сонымен қатар, ол былтыр Қызыл кітапқа енген жануарларды атады.
"2021 жылы Қазақстанда бұрын мекендеген және құрып кеткендер тізіміне тұран жолбарысы, пржевал жылқысы және алдыңғы азиялық қабылан (преднеазиатский леопард) жануарлары енгізілді, яғни олар бұрын Қазақстан аумағында мекендеген қазіргі кезде олар жойылып кеткен болып есептеледі. Бүкіл әлемде алдыңғы азиялық қабыланның жалпы саны 870-1,3 мың басты құрайды, Қазақстанда ол тек Үстірт мемлекеттік табиғи қорығында кездеседі. Пржевал жылқысы жабайы жылқылардың кіші түріне жатады, жылқы класының сирек кездесетін өкілдерінің бірі, Қазақстанда он шақтысы бар", - дейді сарапшы.
Олжабек Холов қазақстандықтарды қоршаған ортаға ерекше көңіл бөлуге шақырып, Қызыл кітаптағы өсімдіктермен, жануарлармен танысып шығуға кеңес берді.
Еске салайық, бүгінде Қазақстанның Қызыл кітабына өсімдіктердің 400 түрі мен омыртқалы жануарлардың 133 түрі енген.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также