ПОДЕЛИТЬСЯ
24 желтоқсан 2020 | 14:40
"Қазақтардан бұған бей-жай қарамауды сұраймын" - Максим Шевченко Ресей депутаттарының мәлімдемесі туралы
Ресейлік журналист әрі саясаткер Максим Шевченко Tengrinews.kz тілшісіне телефон арқылы берген сұхбатында Мемлекеттік Дума депутаты Вячеслав Никоновтың Қазақстан аумағы туралы мәлімдемесіне пікір білдірді.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Ресейлік журналист әрі саясаткер Максим Шевченко Tengrinews.kz тілшісіне телефон арқылы берген сұхбатында Мемлекеттік Дума депутаты Вячеслав Никоновтың Қазақстан аумағы туралы мәлімдемесіне пікір білдірді.
"Менің ойымша, бұл кездейсоқ мәлімдеме емес, бұл Ресей билігінің көршілерді қорқыту және "аға мен іні" жағдайын жасайтын империалистік бағытының жалғасы. "Ресей - ағасы, ал қалғандары бар болғаны үшін путиндік Ресейге қарыздар. Қазақстанға да мемлекетті Ресей беріпті". Мен мұның бәрін Никонов ойлап таппағанын түсініп отырмын", - дейді Максим Шевченко.
Саясаткер Ресей қайраткерлерінің бірнеше мәлімдемесін еске алды.
"Мемлекеттік Думаның вице-спикері Петр Толстой орыс-түркі диалогы Куликов шайқасымен аяқталғанын және сол кезде "бұл көшпелілер сазайын тартқанын" өте көңілді айтатын...
Сондықтан, менің ойымша, посткеңестік кеңістіктегі soft power ("жұмсақ күш" термині) үшін жауапты "Русский мир" қорының басшысы Никоновтың мәлімдемесі кездейсоқ емес. Менің ойымша, бұл Анатолий Чубайс айтқандай, либерал империя форматында Ресей империализмін қайта құрудың жалғасы", - деді Шевченко.
Шевченко "либерал империяны - ақша, қуат ресурсы және ірі корпорациялардың мүддесі, экспансиялар халықтың, ұлттың мүддесі деп жарияланатын кездегі медиақысым" деп түсіндірді.
"Мен қазақтардан бұған бей-жай қарамауды сұраймын. Әрине, Қазақстанда тұратын орыстарға, оларға (Ресей билігі) бәрібір, Ресейде тұратын орыстарға да", - деді ол.
Tengrinews.kz тілшісінің Ресей-Қазақстан қарым-қатынасы үлгілі деп есептеледі деген сөзіне, саясаткер: "Бұл биліктің қарым-қатынасы", - деп жауап берді.
"Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы, парасатты көзқарасы арқасында. Иә, бұл тек Назарбаевтың еңбегі. Ресейдің титтей де үлесі жоқ. Ресей тарапынан дөрекілік, қорлау және менмендік естіледі. 1990-жылдардан бастап, "Роскосмостың" қазіргі басшысы Дмитрий Рогозин Ресей қауымдастықтарының конгресін басқарып отырғанда, өз мақсатын Қазақстанның солтүстік аумағынан бас тартуы екенін айтқан, Жириновскийдің мәлімдемесі, Қазақстанға басып кіру, партизандық қозғалысты көтеру әрекеттері үшін Ресейде тұтқындалған Лимонов...", - деп пікір білдірді саясаткер.
Шевченко жалпы Ресей Федерациясының әрекеті менмен және немқұрайды екенін айтады.
"Мәскеуде отырған бұл қулар біздің еліміздің нақты тарихы туралы ештеңе білмейді, тіпті мектеп тарих кітабын да оқымаған, оған мен сенімдімін. Бірақ олар газ, мұнай құбырлары мен атом зымырандарын басқарып отырғандықтан, өздерін "Наполеон" және "Бонапарт" санайды (...). Менің ойымша, Мәскеу тарапының империализмі жиіркенішті", - деп толықтырды ресейлік саясаткер.
Қазақстан СІМ нотасына жауап ретінде Кремль неге үндемей отыр деген сұраққа, ол: "Никонов - Кремль. Оны қандай да бір маргинал деп ойлайсыздар ма", - деді.
"Реакция жоқ, өйткені олар қазір бәрін тексеріп жатыр. Қандай реакция болуы керек? Кремльдің ресми ұстанымы - Никоновтың айтқаны. Айналадағы халықтарға қатысты тәкаппар империализм, бұл Кремльдің ресми ұстанымы. Украина - "шала мемлекет", ал Қазақстанда "мемлекеттік болмаған". Қалғандарының - шекарасы "дұрыс емес". Бұл олардың ресми ұстанымы, түсінсеңіздерші", - деп толықтырды Шевченко.
Ресейлік журналист РФ риторикасын, көзқарастарын өзгертуі керегін, осындай батыл амбициялардан бас тартып, халықтармен ынтымақтастыққа көшуі керегін атап өтті.
Саясаткер қазақ халқын жақсы көретінін атап өтті.
"Мен мәскеулікпін және қазақтарды өте қатты жақсы көремін. Мен оларға қызығып қараймын, Қазақстан мен Қырғызстанда әр түрлі халықтар болса да, тарихын зерттеймін. Мен мұны өте жақсы түсінемін. Маған осы қызық болса, билік - мүлдем басқа. Ал билік орыс халқының мүддесін қорғай ма? Оның даусы ма? Әрине, жоқ! Сіздер Кремльді Ресейдің даусы деп ойласаңыздар, демек соқыр болғансыздар", - деді Шевченко.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также