Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті "Қазмырыш" ЖШС аумағында болған оқиға дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қылмыстық іс еңбекті қорғау қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқтыру бабы (Қылмыстық кодекстің 156-бабы, 4-бөлігі) бойынша қозғалды.
"Қазіргі уақытта оқиға орнында жедел-тергеу топтары жұмыс істеп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған шұғыл іс-шаралар жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады ШҚО ПД.
Полиция тергеудің жан-жақты, толық және объективті жүргізілуі үшін барлық қажетті шара қабылданатынын атап өтті. Қылмыстық-процестік заңнама талаптарына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейді.
Екі адам қаза тауып, бесеуі жараланды: жарылыс туралы не белгілі?
5 мамырда таңертең Өскемен тұрғындарын аспанға көтерілген қою түтін шошытқан болатын. Жарияланған кадрлардан будақтаған қалың түтінді көруге болады.
Кейін ТЖМ хабарлама таратты: "Қазмырыш" ЖШС аумағында шаң жинау қондырғысында жарылыс болып, арты өртке ұласқан және нысанның бір бөлігі опырылған. Оқиға орнына алғаш болып жеткен құтқару бөлімшелері ашық жалынды анықтады.
Құтқарушылар өртті оқшаулады. Өндірістегі төтенше жағдай салдарынан екі адам қаза тапты, тағы бесеуі жарақат алды.
"Қазмырыш" компаниясының мәліметінше, апат себептері мен мән-жайын арнайы комиссия анықтап жатыр.
Өлшеу нәтижелері
"Қазгидромет" филиалының мамандары жарылыс пен өрт туралы хабарламадан кейін 5 мамырда таңертең оқиға орнына барғанын хабарлады.
Атмосфералық ауа сынамалары тұрғын аймақта, санитарлық-қорғау аймағының шекарасында және зауыттан жел соққан бағытта алынды.
Ведомство мәліметінше, үш нүктенің екеуінде зиянды заттардың келесідей концентрациясы анықталған:
"Бірінші нүктеде – Белинский көшесі, 3 мекенжайында хлорлы сутегі бойынша 1,8 ШРК м.р. (хим.талдау) асып кеткені тіркелді. Екінші нүктеде – Асқар тау көшесі, 11 мекенжайында күкіртті сутегі бойынша – 1,7 ШРК м.р. және көміртегі оксиді бойынша – 3,6 ШРК м.р. (тікелей анықтау әдісі) асып кеткені анықталды", – деп хабарлады "Қазгидромет".
Широкая көшесіндегі үшінші нүктеде нормадан асу жағдайлары байқалмады.
Тағы оқыңыз: Өскемендегі зауытта болған жарылыс: зардап шеккендер туралы алғашқы мәлімет пайда болды