Батыс Қазақстан облысында Республика күніне орай үш ауылда көгілдір отын алауы жағылды. Аудан басшысының айтуынша, 29 мыңнан астам тұрғын тұратын Казталовта барлығы 48 елді мекен болса, соның 32-сі көгілдір отынмен қамтылған. Биыл қалған 16 кіші елді мекенге 4 бағытта газ тарту жұмыстары басталды.
Казталов ауданы Жаңажол ауылдық округінің Әбіш, Көктерек округтеріне қарасты Еламан, Саралжын елді мекендеріне табиғи газ құбыры тартылды, алау жағылды.
Аудан әкімі Рүстем Зұлқашевпен бірге көгілдір отын алауын жаққан Әбіш ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Амангелді Әмірешов газ құбырын тартқан "Әлия Сервис" ЖШС мен ішкі жұмыстарды жасаған "ГазГид" ЖШС өкілдеріне ризашылығын білдірді.
Әбіш ауылының тұрғындары көмір, отын сияқты қатты жанатын заттарды жағып, күл шығару бейнетінен құтылды. Көгілдір отынның игілігін көріп жатқан ауылдағы сыйлы Амангелді Әмірешовтың шаңырағы. Аудан әкімі Рүстем Зұлқашевпен бірге көгілдір отын алауын жағу құрметіне ие болған Амангелді ақсақал көгілдір отын тарту жұмыстарына қатысқан барлық азаматтарға аталық алғысын жаудырды.
Көктеректің Еламан ауылында 9 үй болса, бәрі көгілдір отын жүйесіне қосылған. Еламандық Ұзақбай Қожантаевтың да шаңырағына газ келіп қуануда.
"Біздің ауылға газ келеді дегенге бұрын сенбейтінбіз. Енді міне, игілігін көрудеміз. Президентіміздің дұрыс саясатының арқасында, облыс, ауданды басқарып отырған азаматтардың жоспарлы жұмыстарының нәтижесінде осындай жұмыс сәтімен аяқталды. Газ өткізу жұмыстарын сапалы атқарған мердігерлерге де алғысымыз шексіз!" - деді Ұзақбай ағамыз.
Сондай-ақ 9 үйі бар Еламан елді мекенінде Ұзақбай Қожантаев та Президент тапсырмасына сәйкес өңірде тиісті жұмыстардың атқарылып жатқанын жеткізді. Ал Саралжында 56 үйдің 48-іне газ желісі тартылды.
Биыл 16 шағын елді мекенге газ құбырын тарту жұмыстары жүргізілді. Соның үшеуіне көгілдір отын жетсе, 27-28 қазанда тағы бес ауылда осындай қуанышты шара өткен. Қалған 8 ауылға қараша айында газ беріледі. Қазіргі кезде құрылыс жұмыстары негізінен аяқталып, абоненттердің құжаттарын реттеу, тиісті құрал-жабдықтар орнатып, газға қосу жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңында аудан тұрғындары түгелдей табиғи газбен қамтылады деп жоспарлануда.