"Қазтеміртранс" АҚ Алматыдағы филиалының директоры пара алды деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпаратқа пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Не болған?
Бұған дейін бірқатар БАҚ-та Алматы ҰҚКД "Қазтеміртранс" АҚ Алматы филиалының директорын шамамен 540 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікпен ұстағаны туралы ақпарат тараған еді. Алдын ала мәлімет бойынша, ол Алматыдағы мейрамханалардың бірінде пара алып жатқан сәтте қолға түскен. Дереккөздердің айтуынша, бұл қаражат жеке күзет компаниясына Қазақстан аумағында "Қазтеміртранс" нысандарын күзетуге рұқсат беру мәселесін шешуге көмектескені үшін берілген болуы мүмкін.
Компанияның ресми пікірі
"Қазтеміртранс" АҚ қазіргі уақытта құзыретті құқық қорғау органдары тергеу шараларын жүргізіп жатқанын растайды. Компания уәкілетті органдармен толық ынтымақтастықты қамтамасыз етіп, жүргізіліп жатқан тергеу аясында барлық қажетті ақпарат пен құжаттарды ұсынып жатыр", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, компания өкілдері нысандарды күзету бойынша мемлекеттік сатып алуларда көмектесу үшін ірі көлемде пара алынды деген ақпарат күмән тудыратынын айтты. Себебі күзет қызметтеріне қатысты келісімшарттарды рәсімдеу бұған дейін толық аяқталған.
Компания мәліметінше, күзет қызметтеріне бөлінген жалпы бюджет шамамен 200 миллион теңге болады. Ал Алматы филиалының өндірістік базаларын күзетуге биыл 9 миллион теңгеден аса қаржы қарастырылған. Бұл көрсеткіш тараған ақпараттағы пара сомасынан әлдеқайда төмен.
Оқиғаның нақты мән-жайын тергеу нәтижесі анықтайды.
"Қазтеміртранс" АҚ заңдылық, ашықтық қағидаттарын ұстанатынын және кез келген сыбайлас жемқорлық көріністеріне мүлдем төзбеушілік танытатынын мәлімдеді. Егер заңбұзушылық деректері дәлелденсе, заң аясында барлық тиісті шаралар қабылданады", - делінген хабарламада.
Компания істің барлық мән-жайы әділ әрі жан-жақты зерттеледі деп үміттенеді.
Айта кетейік, "Қазтеміртранс" АҚ - "ҚТЖ ҰК" АҚ-ның еншілес ұйымы және Қазақстандағы жүк вагондарының ең ірі операторларының бірі.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!