Kcell қолданушылары оператор жұмысындағы ақауларға жаппай шағымданып жатыр. Қазақстандықтардың айтуынша, байланыс пен мобильді интернеттің жоқтығына бір сағатқа жуық уақыт болған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Мән-жайы
Байланыс мәселесі туралы Tengrinews.kz оқырмандары хабарлады.
"Activ (Kcell) желісінің мобильді интернеті бүкіл Астана бойынша жұмыс істемей тұр", - деп жазды оқырмандардың бірі.
Threads желісінде де шағым жарияланды.
"Компания өкілдері ештеңені түсіндіре алмай отыр, қасымдағылардың бәрінде жиналыс, жұмыс процесі, төлемдер жүріп жатыр... Ақаулар туралы бірде-бір хабарлама келген жоқ, есесіне төлем жасау керектігін күніне 3 рет еске саласыздар", - деп жазды әлеуметтік желі қолданушысы.
Kcell не дейді?
Ұялы байланыс операторының баспасөз қызметі ақау туралы ақпаратты растап, мәселенің жуырда шешілетінін хабарлады.
"Қазіргі уақытта желіде байланыс пен мобильді интернет қызметтері жұмысында тұрақсыздық байқалады. Бұл - жаппай ақау. Туындаған қолайсыздықтар үшін өкініш білдіреміз", - делінген компанияның Threads-тегі хабарламасында.
Сондай-ақ, компания сервистерге шектеулерді қысқа мерзімде жою үшін барлық күш-жігерін салып жатқанын атап өтті.