ПОДЕЛИТЬСЯ
17 сәуір 2019 | 18:33
Кентаулық жүргізуші полицейге 2000 теңге беремін деп жарты миллион айыппұл арқалады
Қызылорда қаласында полицейге 2000 теңге сыйақы бергені үшін автокөлік жүргізушісіне 200 АЕК (505 мың теңге) көлемінде айыппұл салынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі МҚІСЖҚА Қызылорда облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы Бағдат Әбдіқадыровқа сілтеме жасап.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Қызылорда қаласында полицейге 2000 теңге сыйақы бергені үшін автокөлік жүргізушісіне 200 АЕК (505 мың теңге) көлемінде айыппұл салынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі МҚІСЖҚА Қызылорда облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы Бағдат Әбдіқадыровқа сілтеме жасап.
Кентау қаласының тұрғыны жол қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық хаттамасын толтыртпау мақсатында Қызылорда қалалық жол полиция қызметкерлеріне 2000 теңге сыйақы берген. Тәртіп сақшылары заңсыз сыйақы жөнінде құзырлы органдарға хабарлаған.
Өз кезегінде, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген тұлғаға заңсыз материалдық сыйақы бергені азаматқа ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментімен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 676-бабымен хаттама рәсімделіп, сотқа жолданған.
"Жүргізуші алдыңғы екі қапталдағы терезелері қараңғыланған автокөлікті басқарғаны себепті тоқтатылып, жол полиция қызметкерлеріне әкімшілік хаттаманы толтырмау үшін 2000 теңге заңсыз сыйақы берген. Бүгінгі таңда, азаматқа сот қаулысымен екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынды. Мұндай әкімшілік іс Қызылорда облысында алғаш рет қаралып отыр. Пара немесе заңсыз сыйақы алушымен қатар, оны беруші де қатаң жауапкершілікке тартылады. Бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстар қарқынды жүргізілуде, алдағы уақытта да жалғасын табады", - деді департаменттің бас маманы Мұрат Ысқақов.
Айта кетейік, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес, мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген тұлғаның немесе оған теңестiрiлген тұлғаның 2 АЕК (5050 теңге) дейінгі көлемде заңсыз материалдық сыйақы, сыйлықтар, жеңiлдiктер не қызметтер алуы - 600 АЕК (1515000 теңге) дейінгі мөлшерде, ал, оларға 2 АЕК дейінгі көлемде заңсыз материалдық сыйақы, сыйлықтар, жеңiлдiктер беру не қызметтер көрсету - жеке тұлғаларға 200 АЕК (505000 теңге), заңды тұлғаларға 750 АЕК (1893750 теңге) мөлшерінде айыппұл салу көзделген. Егер, сыйақы көлемі 2 АЕК артық болатын болса, онда ол пара ретінде бағаланады және ол үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылады.
Показать комментарии
Читайте также