КҚК мұнай тиеуді тоқтатқан: Қазақстанда өндіріс көлемі қысқартылды

КҚК мұнай тиеуді тоқтатқан: Қазақстанда өндіріс көлемі қысқартылды Фото: cpc.ru

Қазақстанның Энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумының (КҚК) жұмысы мен мұнай өндіру көлеміне қатысты хабарлама таратты, деп хабарлайды Tengrinews.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Хабарламаға сәйкес, қазіргі уақытта Қара теңіз акваториясындағы кемелердің, экипаждардың қауіпсіздігін және экологияны қамтамасыз ету мақсатында КҚК теңіз терминалында жүк тиеу операциялары уақытша тоқтатылды. Бұл ретте консорциумның барлық өндірістік және техникалық нысандары жарамды күйде, штаттық режимде жұмыс істеп тұр және жағдай тұрақталған бойда шикізатты қайта жөнелтуге дайын.

"Құбыр жүйесіне мұнай қабылдауға қойылған шектеулерге байланысты және резервуарлық парктердің шамадан тыс толып кетуіне жол бермеу мақсатында мұнай өндіруші компаниялар тәуліктік өндіру көлемдеріне жоспарлы түрде түзету енгізді. Соның нәтижесінде мұнай өндіру көлемі уақытша төмендеді. Бұл шара технологиялық сипатқа ие және өндірістік процестердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған", - деп хабарлады Энергетика министрлігі.

Жарнама
Жарнама

Министрлік КҚК басшылығымен, ірі жүк жөнелтушілермен, кеме иелерімен және тиісті мемлекеттік органдармен ұдайы байланыста екенін айтты.

"Қазіргі уақытта кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қазақстандық мұнай экспортын әлемдік нарықтарға тұрақты түрде мүмкіндігінше тезірек қалпына келтіруге қажетті жағдайларды жасау жөнінде үздіксіз консультациялар жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.

Анықтама: Каспий құбыр консорциумы Ресей, АҚШ, Қазақстан және Батыс Еуропаның бірқатар елдерінің отын-энергетика кешеніндегі ірі кәсіпорындардың басын қосады. Атап айтқанда, КҚК Қазақстанның үш ірі кенішінен: Теңіз, Қашаған және Қарашығанақтан мұнай тасымалдауды қамтамасыз етеді.

КҚК-да не болды?

Бұған дейін КҚК акваториясында танкерлерге ұшқышсыз аппараттар шабуыл жасаған болатын. Бір кеме қазақстандық мұнайды тиеуге дайындалып жатса, екіншісі КҚК теңіз терминалында тиеліп жатқан.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі бұл шабуылдарды елдің экономикалық мүдделеріне жол беруге болмайтын қол сұғушылық деп атап, шабуылдарды дереу тоқтатуды және қазақстандық көмірсутек шикізаты экспорты инфрақұрылымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жан-жақты шаралар қабылдауды талап етеді.

Сондай-ақ СІМ Қазақстан келтірілген залалды бағалап жатқанын және өз мүдделерін қорғау үшін халықаралық құқықта көзделген тетіктерді, оның ішінде келтірілген залалды өтеу туралы талаптар қою құқығын өзіне қалдыратынын мәлімдеді.

Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама