Қазақстанда ЛГБТ өкілдері әскерге шақырылмайды деген рас па? Қорғаныс министрінің орынбасары Асқар Мұстабековке осындай сұрақ қойылды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Егер әскерге шақырылушы өзінің дәстүрлі емес бағытта екенін айтса, ол әскерге алынбайды деген ақпарат жетті. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?" - деп сұрады журналист Мәжіліс кулуарында Мұстабековтен.
Қорғаныс министрінің орынбасары еліміздің заңнамасында мұндай норма жоқ екенін айтты.
"Жоқ, бізде заңда мұндай ереже жоқ. Біріншіден, мұндай жағдайлар әлі болған емес. Екіншіден, меніңше, бізде гендерлік саясат пен ЛГБТ-ға заң бойынша мемлекетте тыйым салынған", - деді Асқар Мұстабеков.
Бұл діни себептермен мерзімді қызметтен жалтаруға тырысатын қазақстандықтарға да қатысты.
"Заң бойынша діни (себептерге байланысты - ред. еск.) қызметтен бас тарту деген жоқ. Егер сондай ережелер болса, кез келген адам келіп: "Мен діни бағыттамын, сондықтан қызмет ете алмаймын" деп әскерден жалтаруы мүмкін", - деді министр орынбасары.
Еске сала кетейік, биылдан бастап Қазақстанда ЛГБТ-ны насихаттау мен бұл тақырыпты оң бағытта көрсетуге заң жүзінде тыйым салынды. Сонымен қатар ЛГБТ насихатына тыйым салу белгілі бір бағдарға тыйым салуды білдірмейді. Бұл туралы бұған дейін Әділет министрлігі мәлімдеген болатын.