ПОДЕЛИТЬСЯ
03 наурыз 2022 | 13:58
Қорғаныс министрлігі Украинаға әскер жіберу туралы ақпаратты жоққа шығарды
Әлеуметтік желілерде Украинада болып жатқан жағдайға байланысты Қазақстан Ресей жағына шыққысы келетіні туралы жазылып жатыр. Сонымен қатар, ҚР Қорғаныс министрлігі мен РФ Қарулы Күштері Украинаға қазақстандық әскери техника мен жауынгерлер жіберу туралы келіссөз жүргізіп жатыр деген ақпарат таралып жүр. Дегенмен бұл - жалған ақпарат, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі stopfake.kz сайтына сілтеме жасап.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Әлеуметтік желілерде Украинада болып жатқан жағдайға байланысты Қазақстан Ресей жағына шыққысы келетіні туралы жазылып жатыр. Сонымен қатар, ҚР Қорғаныс министрлігі мен РФ Қарулы Күштері Украинаға қазақстандық әскери техника мен жауынгерлер жіберу туралы келіссөз жүргізіп жатыр деген ақпарат таралып жүр. Дегенмен бұл - жалған ақпарат, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі stopfake.kz сайтына сілтеме жасап.
Суретте көрсетілген мәтін авторы Тәжікстан мен Қырғызстан Ресейге әскери көмек көрсетуге дайын екенін "құпия" түрде жеткізгенін айтады. Дегенмен Қорғаныс министрлігі Ресейге техника жеткізу немесе Украинаға әскер жіберу туралы келіссөз жүргізіліп жатқанын жоққа шығарды.
"Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тараған қазақстандық әскери қызметшілер мен әскери техниканы Украинаға жіберу туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін ҚР Қарулы Күштерінің әскери контингентін жіберу туралы шешімді ел Президентінің ұсынысы негізінде Парламент қабылдайды. Парламенттің қаулысы қабылданғанға дейін Қорғаныс министрлігі әскери контингентті қандай да бір мемлекетке жіберуге өкілеттілігі жоқ. Қорғаныс министрлігі бұл мәселе бойынша келіссөздер жүргізіп жатқан жоқ. Жеке құрамды ауыстыруға, оқытуға, жаттықтыруға қатысты Қазақстан Қарулы Күштерінің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік даярлығын арттыру шаралары жоспарлы түрде жүргізіледі", - деді ведомство өкілі.
Ведомство мәліметінше, 25 ақпан мен 3 наурыз аралығында Қарағандыдан Гвардейск гарнизонына, Алматыдан Ақтау гарнизонына әскери техника жіберілген. 2022 жылғы 1-4 наурыз аралығында Шымкенттен Таразға, Түркістанға, "Айша-бибі" полигонына және кері бағытта Қарулы Күштерге техника жіберу жоспарланып отыр. Бұл кезеңде жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін әскери техникаларды теміржол арқылы Батыс Қазақстаннан елдің оңтүстік бөлігіне жоспарлы түрде жеткізу жүзеге асырылады.
Сондай-ақ, Украина мен Ресей арасындағы қақтығысқа Қазақстанның, Тәжікстан мен Қырғызстанның қатысы туралы басқа да деректер бар. ҚР Қорғаныс министрлігі бұл ақпараты жоққа шығарды.
"Қазақстан әскери қызметшілерін Украинаға немесе басқа елге жіберу туралы сұрау түскен жоқ, тиісті түрде қаралып та жатқан жоқ", - деді ведомство өкілі.
Сонымен қатар, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей мен Украинаны келіссөздер арқылы ортақ келісімге қол жеткізуге шақырып, әскер немесе техника жөнелтуге қатысты пікір білдірмеді. БАҚ-та және ресми дереккөздерде Қазақстан, Қырғызстан немесе Тәжікстан Ресейге әскери қолдау көрсетуге дайын екені туралы ақпарат жарияланған жоқ. Бұл елдер Украинадағы шиеленіске қатысқысы келеді деген ақпарат - қазіргі деректерге қайшы келетін қауесет.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также