Ақтаудың 9-шағынауданындағы пәтерлердің бірінде жәндіктер қаптап кеткені анықталды. Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарап, қоғамда үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Пәтерде түсірілген кадрлардан асүй қабырғасында қаптаған жүздеген жәндікті (болжам бойынша - тарақандар) көруге болады. Видео авторы тиісті органдарға жүгіну үшін бұл жағдайды тіркеп алу қажеттігін айтады.
Сондай-ақ жазбадан, болжам бойынша пәтер иесі - ер адамның жәндіктер бөлмедегі ашық штробадан шыққанын айтқан дауысы естіледі.
Жарияланым әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсті. Тұрғындар жәндіктер желдету шахталары мен инженерлік коммуникациялар арқылы көрші пәтерлерге таралуы мүмкін деп алаңдаушылық білдіреді.
Редакция 9-шағынауданның үйлеріне қызмет көрсететін "Татьяна" ПИК-іне , сондай-ақ Маңғыстау облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне сауал жолдады. Материал жарияланған сәтте жауап алынған жоқ.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау саласының сарапшысы Әсима Жарылғасова жағдайға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, мемлекеттік органдар жеке пәтерлердің жай-күйіне тікелей қадағалау жүргізбейді, алайда мұндай жағдайлар түрлі қызметтің назарын талап етеді.
"Тұрғын үй мәселесі санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің құзыретінен шығарылған. Ведомствода санитарлық нормалар қалғанымен, жеке пәтерлерге бақылау жасалмайды. Соған қарамастан, мұндай жағдайларды назардан тыс қалдыруға болмайды. Түрлі қызмет мамандары бірлесіп, тиісті шаралар қабылдауы қажет", - деп атап өтті сарапшы.
Ол жәндіктердің жаппай таралуы тұрғындардың санитарлық ахуалына қауіп төндіруі мүмкін екенін және уәкілетті органдар тарапынан үйлестірілген іс-қимылдарды талап ететінін айтты.
Сондай-ақ сарапшы тұрғындардың тұрғын үй инспекциясын қоса алғанда, құзыретті құрылымдардан көмек сұрауға құқылы екенін атап өтті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы тұрғындары қаланың түрлі ауданында шіркей қаптап кеткеніне шағымданды. Әлеуметтік желілерде қалалықтар жәндіктердің видеосын жариялап, биліктен бұл мәселеге назар аударуды талап етті. Tengrinews.kz тілшісі жәндіктер санының күрт өсу себептерін анықтап, әкімдіктің қандай шаралар қолданып жатқанын білді.