Пәкістан Ұлттық Ассамблеясының спикері Р.Ашрафтың шақыруымен Мәжіліс спикері Е.Қошанов бастаған делегация Исламабадқа барды.
Е.Қошанов Пәкістан Ұлттық Ассамблеясының спикері Р.Ашрафпен кездесіп, екі ел арасындағы парламентаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Мәжіліс спикері әріптесін Пәкістан Тәуелсіздігінің және Парламентінің 75 жылдығымен құттықтап, Пәкістан Қазақстанның Оңтүстік Азиядағы маңызды серіктесі екенін атап өтті.
"Биыл елдеріміз арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толды. Осы уақыттың ішінде Қазақстан мен Пәкістан жан-жақты ынтымақтастық орнатып, біраз табысқа қол жеткізді", - деді Е.Қошанов.
Мәжіліс Төрағасы қазіргі таңда Қазақстанда маңызды тарихи оқиғалар болып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ауқымды саяси реформалар жүргізіліп жатқанына назар аударды.
"20 қарашада Қ.Тоқаев Қазақстан Президенті болып сайланды. Келесі жылы Парламент сайлауын өткізуді жоспарлап отырмыз. Жаңа заңнамаға сәйкес саяси партияларды тіркеу рәсімдері едәуір жеңілдеді", - деді Қошанов.
Өз кезегінде, Пәкістан Ұлттық Ассамблеясының спикері Р.Ашраф парламенттік дипломатияның маңыздылығына тоқталды.
"Парламентаралық ықпалдастық жалғаса береді. Біздің әлеуетіміз зор. Энергетика, қауіпсіздік, азық-түлік, әскери саладағы әріптестікті дамыта аламыз. Біздің мақсатымыз - Орталық Азия елдерімен байланысты күшейту", - деді Ашраф.
Ерлан Қошанов Пәкістанның премьер-министрі Ш.Шарифпен кездесті. Онда Мәжіліс төрағасы Пәкістан премьер-министріне Қазақстан Президентінің ыстық сәлемі мен зор ықыласын жеткізді.
"Сіздің Қ.Тоқаевпен қысқа уақыттың ішінде екі рет кездесуіңіз елдеріміздің достығын тереңдетіп, байланысымызды арттыра түсуде. Осындай жоғары деңгейдегі қатынастарымыздың жалғасы ретінде Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың алдағы уақытта Исламабадқа ресми сапары жоспарланып отыр. Бұл сапар достас елдер арасындағы тығыз қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеріп, одан әрі дамуына зор серпін беретініне сенімдімін", - деді Мәжіліс спикері.
Пәкістан премьер-министрі Ш.Шариф екі жылда Қазақстан мен Пәкістан арасындағы сауда-саттықты екі есе арттырға мүмкіндік бар екеніне баса мән берді.
"Президент Тоқаевқа менің ыстық сәлемімді жеткізуіңізді сұраймын. Алдағы кездесуімізді асыға күтемін және жемісті өтетініне кәміл сенемін", - деді Шариф.
Сонымен қатар Мәжіліс төрағасы Пәкістан президенті А.Алвимен және Пәкістан Сенатының төрағасы М.Санджранимен жеке-жеке кездесті.