ПОДЕЛИТЬСЯ
06 маусым 2022 | 20:23
Қошанов: ҰҚШҰ-ға сын-қатерлердің алдын алу бойынша жұмысты күшейту керек
Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов Еревандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Парламенттік Ассамблеясының іс-шараларына қатысты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов Еревандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Парламенттік Ассамблеясының іс-шараларына қатысты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Отырыста Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан Парламент жетекшілері осы Ұйым қызметінің өзекті мәселелерін, өңірлік қауіпсіздік саласындағы ахуалын талқылап, алдағы жоспарларды айқындады.
ҰҚШҰ ПА Кеңесінің отырысына қатысушылар Қазақстанды еліміздің Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдумның сәтті өтуімен құттықтады.
Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов жиналғандарды жалпыұлттық референдумның алдын ала қорытындылары туралы хабардар етіп, ҰҚШҰ ПА миссиясының құрамында референдумды бақылау мақсатымен Қазақстанға өз өкілдерін жібергені үшін Ұйымға мүше мемлекеттердің Парламент жетекшілеріне алғысын айтты.
"Алдын ала мәлімет бойынша, 77,2 пайыз қазақстандықтардың конституциялық өзгерістерге дауыс беруі Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың реформалар бағытын қоғамның кең қолдауының айқын дәлелі деуге болады", - деді Мәжіліс Төрағасы.
Ерлан Қошанов Қазақстанда жүргізіліп жатқан конституциялық реформаның маңыздылығы туралы айтып берді.
Мәжіліс Төрағасы кездесуді Ұжымдық қауіпсіздік шартына қол қойылғанына 30 жыл толуымен және ҰҚШҰ-ның 20 жылдығымен тұспа-тұс келуінің символдық мәні зор екенін айтты.
"Өткен жылдар ішінде ҰҚШҰ өзін тиімді халықаралық ұйым ретінде көрсете білді. ҰҚШҰ қызметінің негізгі бағыттарының бірі - парламентаралық байланыс. Бұл ұйымның басымдықтарын ескере отырып, ұлттық заңнаманы жүйелі түрде үйлестіруге және парламентаралық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік берді", - деді Палата төрағасы.
Өткен жылы мерейтойлық Саммитте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқан ҰҚШҰ-ны БҰҰ-ның бітімгершілік қызметіне қосу туралы ұсынысты жүзеге асыру үшін қазір барлық жағдай жасалғаны ерекше атап өтілді. Бұл қадам ұйымға БҰҰ аясында бейбітшілікті қолдауға бағытталған халықаралық операцияларға қатысуға мүмкіндік береді.
Бұл Ауғанстандағы күрделі жағдайдың жалғасуына байланысты өзекті болып отыр. Ерлан Қошанов ықтимал қауіп-қатерлердің алдын алу, содырлар мен радикалды діни ағымдарды ұстанушылардың ҰҚШҰ елдерінің аумағына кіруіне жол бермеу үшін оңтүстік шекараларда Ұйымның жауапкершілік аймағын күшейту маңызды екенін атап өтті.
Кеңес отырысында Парламент өкілдері ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің өткен жылғы қыркүйектегі сессиясының шешімдерін іске асыру қорытындыларын және Ұйымның сессияаралық кезеңдегі қызметін талқылады.
Суретті түсірген Ж.Жұмабеков
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также