Қостанай облысында ауруханадағы жанжалдан кейін зейнеткер жеңіл жазамен құтылды

Қостанай облысында ауруханадағы жанжалдан кейін зейнеткер жеңіл жазамен құтылды Фото © Tengrinews.kz

Қостанай облысында мейіргерге "басыңды жарамын" деп қоқан-лоқы көрсеткен 70 жастағы тұрғын айыппұлмен құтылды. Қазақстанда медицина қызметкерлеріне қатер төндіргені үшін қылмыстық бап қарастырылғанына қарамастан, ер адам тек әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның себебін Tengrinews.kz анықтады.

Пациент қалай жазаланды?

Бұған дейін желіде Қостанай облысындағы медициналық мекемелер бірінің қызметкері жариялаған видео тараған болатын. Кадрлардан диализге келген пациент оны балағаттап, күш қолданамын деп қорқытқанын көруге болады.

Жарнама
Жарнама

Әйелдің айтуынша, жанжал 16 шілдеде болған. Ол дәрігерлер мен мейіргерлер жұмыс барысында қандай жағдайларға тап болатынын көрсету үшін осы жазбаны жариялауды ұйғарғанын түсіндірді.

"Ешқандай денсаулық жағдайы, ашу-ыза немесе өмірлік жағдайлар адамға басқа біреуге: "Сені өлтіремін" немесе "Басыңды жарамын" деп айтуға құқық бермейді. Қоғам мұндайды қалыпты жағдай деп санауды доғарса екен деймін", – деп жазды ол видео сипаттамасында.

20 шілдеде Қостанай облыстық полиция департаменті жанжал шығарған адамның кім екені анықталғанын хабарлады. Ол 70 жастағы ер адам болып шықты.

Ол ӘҚБтК-нің 80-1-бабы 2-бөлігі "Медициналық және (немесе) фармацевтикалық қызметкерлердің заңды қызметіне кедергі келтіру" бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 91 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

"Ер адам балағат сөздер айту, тиісу, өзге адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен азаматтың тыныштығын бұзатын өзге де әрекеттер арқылы айналасындағыларға құрметсіздік танытқаны үшін жауапқа тартылды", – деп түсіндірді өңірлік ПД өкілдері.

Анықтама: ӘҚБтК-нің 80-1-бабы 2-бөлігінің санкциясы 30 АЕК (129 750 теңге) мөлшерінде айыппұл салуды немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алуды қарастырады. Бұл ретте зейнеткерге 91 мың теңге көлемінде айыппұл тағайындалған, бұл айыппұлды төлеу кезіндегі 30 пайыздық жеңілдікпен байланысты болуы мүмкін.

"Айыппұл жасалған іске сай емес": зардап шеккен мейіргер не дейді?

Tengrinews.kz тілшісі мейіргер Алина Сарбасовамен хабарласты. Ол пациентке тағайындалған жазаны тым жеңіл деп санайтынын айтты. Оның сөзінше, қоқан-лоқы мен балағат сөздер оған моральдық зиян келтірген, сондықтан жеңілдікпен есептелген айыппұлды ол жасалған әрекетке сай келмейді деп есептейді.

"Дегенмен, мен сот шешіміне құрметпен қараймын және адамның жасы мен денсаулық жағдайы ескерілгенін түсінемін. Бұған дейін де жанжалдар болған, бірақ олар әрқашан ұжым ішінде қалатын. Дәл осы оқиға менің шыдамымның соңғы шегі болды, өйткені балағат сөздерден бөлек, маған күш қолдану туралы қоқын-лоқы көрсетілді", – деді мейіргер.

Сонымен қатар Алина Сарбасова медицина қызметкерлерінің қандай жағлайларға тап болатынын көрсету және оларға қатысты қоқан-лоқы мен қорлауға жол берілмейтінін ескерту үшін бұл жағдайды жария етуді ұйғарғанын айтты.

Неге полиция айыппұлмен шектелді?

7 наурыздан бастап Қазақстанда дәрігерлерге қоқан-лоқы көрсеткені үшін жеке қылмыстық бап қолданысқа енгеніне қарамастан, Қостанай облысындағы құқықбұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Неге полиция қылмыстық іс қозғамағанын түсіну үшін Tengrinews.kz тілшісі адвокат Абзал Қасымжановтың пікірін білді.

Заңгер мәселе медицина қызметкерінің өмірі мен денсаулығына қаншалықты шынайы қауіп төнгеніне тірелетінін түсіндірді. Ол қылмыстық саралау үшін тек эмоционалды жанжал немесе дөрекі сөздердің болуы жеткіліксіз екенін атап өтті.

"Адамды қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін қорқытудың нақты, бағытталған әрі жәбірленуші оны өзіне зиян келтіру ниеті ретінде объективті түрде қабылдайтындай сипатта болғаны анықталуы тиіс", – деп атап өтті Қасымжанов.

Адвокат мұндай жағдайларда полиция бөлек сөздерді ғана емес, жанжалдың барлық мән-жайын бағалайтынын түсіндірді.

Абзал Қасымжановтың айтуынша:

  • оқиғаның орны мен уақыты,
  • адамның мінез-құлқы,
  • агрессивті әрекеттердің, жәбірленушіге жақындау әрекеттерінің болуы,
  • қару ретінде қолданылуы мүмкін заттарды көрсету,
  • сондай-ақ медицина қызметкері қауіпті қаншалықты шынайы қабылдағаны ескеріледі.

"Егер сөздер эмоционалды жанжал кезінде айтылса, бірақ оларды іске асырудың шынайы қаупінің объективті белгілері болмаса, құқық қорғау органдары қылмыстық құқық бұзушылық құрамы жоқ деген қорытындыға келуі мүмкін", – деді ол.

Бұл ретте заңгер жанжал шығарушы қол жұмсамаса да, егер жағдай мен адамның іс-әрекеті нақты қауіпті көрсетсе, ол қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін айтты.

Теориялық тұрғыдан алғанда, бір жанжал екі бапқа жатуы мүмкін. Алайда, адвокаттың айтуынша, тәжірибеде басымдық қылмыстық-құқықтық бағалауға беріледі.

"Құқық қорғау органдары ең алдымен қылмыстық құқық бұзушылық белгілерінің бар-жоғын тексеруі тиіс. Егер қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін дәлелдер жеткіліксіз болса, бірақ құрметсіздік таныту фактісі анықталса, материалдар ӘҚБтК-нің 80-1-бабы бойынша саралануы мүмкін", – деп түсіндірді Қасымжанов.

Бұл ретте адвокат полицияның тек айыппұлмен шектелгені қаншалықты негізді екенін тексеру материалдарының барлығын зерделегеннен кейін ғана түпкілікті түсінуге болатынын атап өтті.

Баптардың айырмашылығы неде?

ӘҚБтК-нің 80-1-бабы – "Медицина және (немесе) фармацевтика қызметкерлерінің заңды қызметіне кедергі келтіру".

  • 1-тармақ. Заң медицина және фармацевтика қызметкерлерінің жұмысына араласуға тыйым салады. Олардан заңсыз әрекеттерді талап етуге, мамандығына жатпайтын жұмыстарды тапсыруға, заңда көзделмеген есептілікті сұратуға немесе тауарлар мен қызметтерді өз қаражатына сатып алуға мәжбүрлеуге болмайды.

Бұл үшін айыппұл қарастырылған: жеке тұлғаларға – 30 АЕК (2026 жылы 129 750 теңге), лауазымды тұлғаларға – 50 АЕК (216 250 теңге), заңды тұлғаларға – 100 АЕК (432 500 теңге).

  • 2-тармақ. Медицина қызметкерлеріне лауазымдық міндеттерін атқару кезінде былапыт сөйлеу, әбес қылықтар көрсету, мазақ қылу және басқа да құрметсіздік танытқаны үшін 30 АЕК (2026 жылы 129 750 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады немесе 10 тәулікке дейін қамауға алынады.
  • 3-тармақ. Бір жыл ішінде медицина қызметкерлерінің жұмысына қайталап араласқаны үшін айыппұл көлемі артады: жеке тұлғаларға – 50 АЕК (216 250 теңге), лауазымды тұлғаларға – 70 АЕК (302 750 теңге), заңды тұлғаларға – 150 АЕК (648 750 теңге).
  • 4-тармақ. Бір жыл ішінде медицина қызметкерін қайта балағаттағаны үшін 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады.

ҚК-нің 380-3-бабы – "Медицина қызметкеріне немесе жедел медициналық жәрдем көлігінің жүргізушісіне қатысты күш қолдану қатерін төндіру немесе күш қолдану".

  • 1-тармақ. Медицина қызметкеріне немесе жедел жәрдем жүргізушісіне қызметтік міндеттерін атқаруы кезінде қоқан-лоқы көрсеткені үшін 200-ден 500 АЕК-ке дейін (2026 жылы 865 000–2 162 500 теңге) айыппұл салынады, түзеу немесе қоғамдық жұмыстарға тартылады, 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығы шектеледі немесе сол мерзімге бас бостандығынан айырылады.
  • 2-тармақ. Егер қоқан-лоқы екі немесе одан да көп адамға қатысты болса, адамдар тобымен, бірнеше рет, төтенше жағдай, жаппай тәртіпсіздік, ТЖ режимі немесе антитеррорлық операция кезінде жасалса, жаза қатайтылады – 2 жылдан 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру.
  • 3-тармақ. Өміріне немесе денсаулығына қауіпті емес күш қолданғаны үшін 500-ден 1 000 АЕК-ке дейін (2 162 500–4 325 000 теңге) айыппұл, түзеу немесе қоғамдық жұмыстар, бас бостандығын шектеу немесе 2 жылдан 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген.
  • 4-тармақ. Ауырлататын мән-жайлар болған кезде жаза 7 жылға дейін бас бостандығын шектеуге немесе айыруға дейін барады.
  • 5-тармақ. Өміріне немесе денсаулығына қауіпті күш қолданғаны үшін 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы беріледі.
  • 6-тармақ. Егер мұндай қылмыс ауырлататын мән-жайлармен жасалса, 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Тағы оқыңыз: Полиция Қостанай облысында дәрігерге қоқан-лоқы көрсеткен атышулы видеодағы пациентті іздестіріп жатыр

Айыппұлдан бастап бас бостандығынан айыруға дейін: Қылмыстық кодекске жаңа бап енгізілді

Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама