ПОДЕЛИТЬСЯ
06 қыркүйек 2023 | 11:24
"Күнім қаладағы нысандарды аралаумен басталады". Семей әкімі Нұрбол Нұрсағатов эксклюзив сұхбат берді
Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен Абай облысы құрылып, Семей 25 жылдан кейін облыс орталығы мәртебесін алды. Тағайындалғанына бір жылдай уақыт болған Семей әкімі Нұрбол Нұрсағатов Massaget.kz тілшісінің өзекті сұрақтарына жауап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен Абай облысы құрылып, Семей 25 жылдан кейін облыс орталығы мәртебесін алды. Тағайындалғанына бір жылдай уақыт болған Семей әкімі Нұрбол Нұрсағатов Massaget.kz тілшісінің өзекті сұрақтарына жауап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Саяжайлардағы мәселе
Әкім Семейдегі күрделі мәселелердің біріне айналған саяжайлар тұрғындарының қалалық құрамға толық енбеуіне қатысты сұраққа жауап берді.
"Қазір Семейдің аумағында 11 саяжай массиві жұмыс істейді, оның барлығы электр энергиясымен қамтамасыз етілген. Десек те 70 пайызға жуық электр желілерінің тозғаны құпия емес. Ал жыл санап жарықты қолданушылар санының өскенін ескерсек, бұл тарапта кернеу төмендейтіні заңдылық. Даудың басы - саяжайлардың қалаға ене алмай отырғанында емес", - дейді әкім.
Әкімнің айтуынша, саяжай құрылған кезде жалпы инфрақұрылымы, электр желілері тек сол аумақты қамтуға жобаланған. Бұл қаланың бірнеше аймағында, яғни Бобровка, Мұрат, Шығыс кенттерінде үлкен мәселеге айналып отыр. Мұны шешу үшін қалалық ТКШ бөлімінің мамандарымен Мұрат және Бобровка саяжайларының тозған электр желілерінің жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеп, меморандум жасалды. Келер жылы жаңа желілерді тарту жоспарланып отыр.
"Желілер екі кооперативке тиесілі. Саяжайдың кооператив атында болуы мәселені шешуге кедергі болып отыр. Сондықтан әкімшілік тиісті іс-шара қолдана алмай отыр. Ал біз өз желілерімізді тартатын болсақ, мәселенің шешімі табылатынына сенімдімін. Биыл Восточный правый кентінде электр желілерін орнату және қалпына келтіру үшін 276 миллион теңге қарастырылған. Әрине, бұл - өте ауқымды жұмыс, оны 1 жылда орындау мүмкін емес", - деді ол.
Қоғамдық көлік мәселесі
Қала басшысы қоғамдық көліктер мәселесіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, әкімдік автопарктермен бірлесіп, қоғамдық көліктерді кезең-кезеңімен жаңартудың кестесін жасаған.
"Ең бірінші мәселе қоғамдық көлік жүргізушілерінің айлығын көтеру болатын. Жалақы мөлшері жыл басында көтерілді. Жаңа қоғамдық көліктерді сатып алу бойынша алынған 20 автобус қазір қолданылып жатыр. Жол жүру бағасының көтерілмеуін қатаң бақылап жатырмыз. Жанар-жағармай және тағы да басқа қоғамдық көлікке қажетті заттардың бағасы қымбаттап кеткенімен, билет бағасы сол бір қалыпта тұр. Сондықтан субсидия бөліп отырмыз. Автобус жүргізушілері уақытылы жүрмейтін болса, қаражатты ала алмайды", - деді ол.
"Күнім қаладағы нысандарды аралаумен басталады..."
Нұрбол Нұрсағатов күнделікті жұмыс кестесі туралы айтты.
"Күнім қаладағы нысандарды аралаумен басталып, кешке жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесін бақылаумен аяқталады. Жауапты мамандардың Whatsapp желісінде тиісті чаттары бар. Күнде таңертең атқарылған жұмыстар жөнінде есеп береді. Бір күні жылу желілері, екінші күні жолдарды, келесі күні абаттандыру, тазалыққа қатысты қаладағы маңызды құрылыс нысандарын аралап, бақылауда ұстаймын. Қалаға қарасты 14 ауылдық округ бар болса, демалыс күндері жұмыс кестеме енгізіп, халықпен кездесіп, арнайы тексеру жұмыстарын жүргіземін. Әр аймақтың мәселелерін зерделеп, қаражат бөлуді қарастырамыз. Биыл барлық ауылда балаларға арналған ойын алаңдары салынды. Жұмыс ауылдық мекендерде де қарқынды жүріп жатыр. Жалпы ұзындығы 13 шақырым болатын, 5 ауылға кірме жолдарды жөнделіп жатыр. Екі елді мекенге таза ауызсу тартылып жатыр. Ең негізгі мәселе - мектеп. 8 ауылдың мектебіне тиісті жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижелі болуы үшін жиі аралап бақылаймын", - дейді ол.
Жаңа аудан құрыла ма?
Президент тапсырмасына байланысты шекаралық аудандар құрылып жатыр. Әкім Семейге қарасты Жаңасемей ауданы құрылатыны туралы айтты.
"Қазір тиісті жоспар бекітілген. Жоспар бойынша, қалалық маслихат отырысын өткіздік. Ауылдық қоғамдық кеңес жиынында шекаралар белгіленді. Ауылдарға өзім жұмыс сапарымен барып қайттым. Жаңасемей деген атау беріп, 14 ауылдық округті қосып, жаңа аудан құрамыз деген жоспарымыз бар. Осы бойынша тиісті іс-шара жоспары бекітілген. Қазір жұмыс жүргізіліп жатыр", - деді ол.
Семейді абаттандыруға танымал ландшафт сәулетшісі шақырылғаны белгілі. Әкім неге таңдау Роман Шнайдерманға түскенін түсіндірді.
"Алматыда қызметте жүргенімде сәулетші Роман Шнайдерманмен бірге жұмыс атқарғанмын. Ол Алматыдағы Панфилов көшесіндегі жаяу жүргіншілер аймағын, Астанадағы ботаникалық бақты, сондай-ақ, Түркістанның жаңартылған орталығын абаттандыру жұмыстарын жүзеге асырған. Жыл басынан бері бірігіп жұмыс істеп жатырмыз. Ол қала орталығындағы Арбат көшесінің жобасын бізге тегін жасап берді. Шаһарымызды өркендетуде біраз жаңа үлгідегі дүниелерді енгізеді", - деді қала басшысы.
Жадыра Серікбекқызы
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также