Қазақстандағы АҚШ қатысы бар энергия нысандары қаншалықты қорғалған? Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешовке осындай сауал қойылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Баршамызға мәлім, бізде ТШО ("Теңізшевройл" - ред. еск.) бар. Сарапшылардың айтуынша, Каспий теңізінде АҚШ-тың қатысуымен салынған нысандар бар. Саясаттанушылар мен әскери сарапшылар Иран тарапынан АҚШ-тың қатысы бар нысандарға шабуылдар жасау ықтималдығына байланысты қорғанысты күшейту керектігін айтып жатыр. Қазақстандағы АҚШ қатысы бар нысандар қаншалықты қорғалған?", - деп сұрады журналистер Жаркешовтен сенатта өткен брифингте.
Вице-министрдің айтуынша, ТШО-да жұмыс штаттық режимде жүріп жатыр, ал қорғанысты күшейту мәселесі - құпия ақпарат.
"Осы консорциумның барлық қатысушысымен бірлесе отырып түрлі сценарийлер пысықталды. Бұл - ауқымды трансұлттық жоба. Қазақстан тарапынан біз өз мүмкіндіктеріміз аясында барлық міндеттемемізді орындап жатырмыз. Сонымен қатар транзиттеуші елдер мен энергия ресурстарын алушы елдер де тиісті шараларды қабылдап жатыр. Бұл процестің іркіліссіз жүзеге асырылуына барлығы мүдделі. Қорғанысты күшейтуге қатысты айтар болсақ, бұл жариялауға болмайтын құпия ақпарат, бірақ жұмыс жалғасып жатыр", - деді вице-министр.
Сондай-ақ шенеунікке Каспий құбыр консорциумына (КҚК) жасалуы мүмкін шабуылдар салдарынан Қазақстанға қандай да бір шығын келуі мүмкін бе деген сауал қойылды.
"Қазіргі уақытта қазақстандық мұнайды өндіру және экспорттау КҚК жүйесі арқылы штаттық режимде жүргізіліп жатыр... Штаттық режимде жұмыс істеп тұр, ешқандай мәселе жоқ", - деп қысқа қайырды ол.