Құрылтай сайлауы: Бас прокуратура қазақстандықтарға жауапкершілік туралы ескертті

Құрылтай сайлауы: Бас прокуратура қазақстандықтарға жауапкершілік туралы ескертті Фото © Tengrinews.kz

Бас прокуратура 23 тамызға белгіленген Құрылтай сайлауы қарсаңында қазақстандықтарға үндеу жасады. Қадағалау органы "Сайлау туралы" заңды бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертті, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Бас прокуратураның ресми сайтына сілтеме жасап.

Бас прокуратура Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен осы сайлауды дайындау мен өткізудің негізгі іс-шараларының күнтізбелік жоспары бекітілгенін еске салды. Жоспарға сәйкес, 2-23 шілде аралығында партиялық тізімдерді ұсыну және тіркеу кезеңдері өтеді, ал 23 шілде сағат 18:01-ден бастап сайлау алдындағы үгіт-басталып, ол 22 тамыз сағат 00:00-ге дейін жалғасады.

Қадағалау органы сайлау заңнамасына сәйкес партиялық тізімді тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін қандай да бір сайлау алдындағы үгіт жүргізуге жол берілмейтінін ескертті. Осы талапты бұзу Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 102-бабы бойынша жауапкершілікке әкеп соғады.

Жарнама
Жарнама

Сондай-ақ сайлау алдындағы жөнсіз үгіт жүргізуге тыйым салынады.

"Мұндай үгітке сайлаушыларға тегiн немесе жеңiлдiк шарттарымен тауарлар, бағалы қағаздар беру, қызметтер көрсету, лотереялар, қайырымдылық акцияларын өткiзу, ақша төлеу не осындай уәде беру жатады", - деп түсіндірді Бас прокуратура өкілдері.

Жөнсіз жүргізілген үгіт үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, ал параға сатып алумен ұласқан қылмыстық құқықбұзушылық белгілері болған жағдайда қылмыстық жауапкершілік туындайды.

"Сайлау тағайындалған кезден бастап кандидаттарға, партиялық тізімдерді ұсынған саяси партияларға, сонымен бірге олардың атынан немесе оларды қолдап кез келген жеке және заңды тұлғаларға ойын-сауық және спорттық іс-шараларды ұйымдастыруды қоспағанда, қайырымдылық іс-шараларын өткізуге тыйым салынатынын атап өткен маңызды. Кандидаттың, партиялық тізімді ұсынған саяси партияның, сондай-ақ олардың сенім білдірілген адамдарының жоғарыда көрсетілген талаптарды бұзуы кандидатты немесе партиялық тізімді тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға әкеп соғады", - деп ескертті қадағалау органы.

Бұқаралық ақпарат құралдары, сол сияқты онлайн-платформаларды пайдаланушылар кандидаттың немесе саяси партияның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне көрінеу нұқсан келтіретін үгіт материалдары мен өзге де ақпаратты жариялаудан бас тартуға міндетті.

"Кандидаттар, саяси партиялар туралы көрінеу жалған мәліметтерді тарату немесе сайлау нәтижесіне ықпал ету мақсатында олардың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін өзге де әрекеттер жасағаны үшін әкімшілік жауаптылық көзделген. Сонымен қатар жала жабу, яғни басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн немесе оның беделiн түсiретiн көрiнеу жалған мәлiметтер таратқаны үшін де әкімшілік жаза көзделген", - деп хабарлады Бас прокуратура.

Жалған ақпаратты, құқыққа қайшы контентті орналастыру, тарату әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Бұған қоса қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат тарату қылмыстық жауапкершілікке әкеледі.

Қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу: қандай тәртіп орнатылған?

Бас прокуратура қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізу және оның нәтижелерін жариялау тәртібіне ерекше назар аударды.

Атап айтқанда, заң бойынша БАҚ пен онлайн-платформалар сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін жариялаған кезде сауал жүргізген заңды тұлғаны, сауал жүргізуге тапсырыс берген және оның ақысын төлеген тұлғаларды, сауал жүргізілген уақытты, ақпарат жинау әдісін, сұрақтың нақты тұжырымын, сауал салынғандар саны мен нәтижелердің қателік коэффициентін көрсетуге міндетті.

Қоғамдық пікірге сауал салуды Қазақстан заңнамасына сәйкес тіркелген, қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізу бойынша кемінде бес жыл тәжірибесі бар, бұл туралы Орталық сайлау комиссиясына жазбаша түрде алдын ала хабардар еткен заңды тұлғалар құқылы.

"Қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерiн, сайлау, сайлауға байланысты өзге де зерттеулер, кандидаттарды не саяси партияларды қолдап дауыс беру нәтижелерiнiң болжамдарын дауыс берiлетін күннің алдындағы бес күн ішінде және дауыс берiлетiн күні бұқаралық ақпарат құралдарында, онлайн-платформаларда жариялауға жол берілмейдi. Сайлау күнi дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пунктте қоғамдық пiкiрге сауал салуды жүргізуге тыйым салынады. Бұл ретте қоғамдық пікірге сауал салуды жеке тұлғалардың жүргізуіне және олардың нәтижелерін жариялауына мүлдем жол берілмейді", - деп ескертті Бас прокуратура.

Бұл талаптарды сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Бас прокуратура сайлау процесіне қатысушылардың барлығын қолданыстағы заңнама талаптарын қатаң сақтауға және құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеуге шақырады.

Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы жаңа бір палаталы Парламент - Құрылтай депутаттарының сайлауына арналған күнтізбелік жоспарды бекіткен болатын. Комиссия сайлау науқаны қалай өтетінін, "тыныштық күні" қашан болатынын және дауыс беру уақытын айтып берді. Толығырақ сілтеме арқылы оқыңыз.

Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама