ПОДЕЛИТЬСЯ
09 шілде 2020 | 20:11
Қызылордада оттегі жетіспеушілігі мәселесі оңтайлы шешіліп жатыр
Бүгінгінің басты талабы - эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру және коронавируспен күресті күшейту. Қиын уақытта дағдарып қалмай халыққа қажет көмекті көрсету үшін Қызылорда қаласының әкімдігі тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Бүгінгінің басты талабы - эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру және коронавируспен күресті күшейту. Қиын уақытта дағдарып қалмай халыққа қажет көмекті көрсету үшін Қызылорда қаласының әкімдігі тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін белгілі болғандай қала аумағындағы емханаларға кислородты баллондарды жеткізу жұмысы ақсап тұрған болатын. Аталған мәселені шешу жолында қала әкімдігі еріктілер, қоғамдық ұйым өкілдері, кәсіпкерлер, жастар өкілдері және елдің жанашыр азаматтарын жұмылдырылып, бірқатар шаралар ұйымдастырылды.
"Мағжан и К" шаруа қожалығының басшысы Мағжан Ералиев 1 млн. 100 мың теңге бөліп, 700 дана толтырылған оттегі баллондарымен және арнайы 50 дана қорғаныш киімдерімен, көлікпен қамтамасыз етуде. "Ақтөбе и К" қожалығының басшысы Н.Іздібаев 700 дана, жеке кәсіпкер Н.Байжігітов 50 дана тегін оттегімен, облыстық мәслихат депутаты Расул Есенов оттегі баллондарын толтыруға 1 млн. теңге қаржылай көмек бөлді. Бұдан бөлек, "Өмірзақ" ЖШС құрылыс компаниясы 2 миллион теңге қаржылай көмектесіп жатса, "Ел Арай" ҚБ басшысы А.Байдәулетов тасымал қызметін тегін жүргізіп жатыр. "Абай-Дәулет" шаруашылығының басшысы Мұрат Сәрсенбаев 3 млн. 200 мың теңге бөліп, қала аумағындағы медициналық ұйымдарды қосымша құрылғылармен қамтамасыз етті. Бұл - қала әкімдігі мен жеке кәсіпкерлердің бірлесіп атқарып жатқан жұмыстары.
"Осындай қиын кезеңде барлық ауыртпалықты билікке немесе денсаулық сақтау саласына ысырып қоймай, қоғам болып бірге атсалысуға шақырамыз. Дәл осы кезең біздің бірлігімізді, жанашырлығымызды көрсететін кезең" деген қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов бұл жұмыстардың өз деңгейінде ұйымдастырылуына әкімдікпен қатар қоғам белсенділерінің, еріктілердің де қосқан үлесінің зор екенін айтты.
"Қиын кезеңде қоғам белсенділері Л.Бақтыбаева, Д.Эшатова, С.Әбдіразақова, Р.Базарбай, А.Ізден сияқты азаматшалар ер азаматқа тән қасиет көрсетіп, жұмыла бірге жұмыс жасап жатыр", - деді Асқарбек Есжанов.
"Еріктілер бір бағытта ғана емес барлық салада өз белсенділіктерін танытуда. Кислород баллонын тасымалдаудан бастап, дәрі-дәрмек тасымалына дейінгі көптеген жұмысты атқаруға атсалысып жатыр. Бүгінгідей уақытта жастар және барша тұрғындар белсенді болу керек", - дейді қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Сабыржан Кеңшілік.
"Бұл уақытта пайда тапқаным емес халыққа көмегім тигені маңызды. Қазір кислородқа сұраныс артты. Жай уақытта бір емдеу мекемесінің сұранысы 25-30 баллон еді. Қазір қалалық ауруханаға 160-170 баллонға дейін қажеттілік туындап тұр. Осы кезеңде қанша адамға көмек болсын және сауапты амал болсын деп жеңілдік жасап отырмыз. Бір кислород баллонын жеке адамдарға 1800, 2000 теңгеден сатсақ, ауруханаларға 1000 теңгеге беріп жатырмыз", - дейді "Шыңғыс ЛТД" ЖШС басшысы Ерік Жүнісов.
Айта кетейік, осыған дейін қала аумағында коронавирус, жедел респираторлы аурулар мен пневмонияға байланысты тұрғындар тарапынан шақыртулардың күрт көбеюіне байланысты осы жылдың 29 маусымынан бастап Қызылорда қаласы әкімдігі тарапынан қала аумағындағы емханаларға қосымша көмек ретінде қала әкімдігіне қарасты барлығы 23 қызметтік көлік күнделікті қызмет көрсетіп жатқаны хабарланған еді.
Бүгінгі таңда бұл қызметтік көліктер арқылы тұрғындардан түскен 1 мың 500-ден астам шақырту орындалған. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, орынбасарлар, аппарат басшысы және қала әкімдігіне қарасты дербес бөлім басшылары бөлініс бойынша қала аумағындағы барлық аурухана мен емханаға жауапты.
Жауапты мамандар құзырлы органдармен бірлесе отырып, медициналық нысандарға қажет құрылғылармен қамтамасыз ету мақсатында аталған нысандарды күнделікті бақылауға алып, тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр.
Показать комментарии
Читайте также