ПОДЕЛИТЬСЯ
02 қазан 2021 | 11:15
ІІМ Алматыдағы атыс кезінде қаза тапқан полицейлердің отбасына мемлекеттік награда тапсырды
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Алматыдағы атыс кезінде қаза тапқан полицейлердің отбасыларына мемлекеттік наградалар тапсырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Алматыдағы атыс кезінде қаза тапқан полицейлердің отбасыларына мемлекеттік наградалар тапсырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Біздің әріптестеріміз, полиция майоры Дархан Сүлеев пен полиция капитаны Нұрбол Байғазиев қызметтік міндеттерін адал атқарып, әріптестеріне үлгі болып, болашаққа жоспар құрды. Олардың өмірін қиған қайғылы оқиға барлық қазақстандықтарды дүр сілкіндірді", - деді ІІМ басшысы.
Учаскелік полиция инспекторлары Дархан Сүлеев пен Нұрбол Байғазиев қаза тапқан соң Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ІІ дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталды.
"Бүгін мен Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша оларды тапсыру үшін келдім", - деді министр.
Ол ішкі істер органдарының қызметкерлері қызметтік борышы бойынша әрдайым қылмысқа қарсы күрестің және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің алдыңғы қатарында екенін атап өтті.
Еске салайық, оқиға 20 қыркүйекте кешке болған, шамамен сағат 17.20-да Ақбұлақ шағынауданындағы үй иесінің бірі аңшы мылтығынан оқ атқан. Куәгерлердің айтуынша, атыс бір минут ішінде болған.
Алматылық атқыш бес адамды өлтірді. Қаза болғандар арасында екі полиция қызметкері, сот орындаушысы, сондай-ақ үйдің жаңа иесі мен куәгер бар. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтты.
Полицейлер бес адамды атып өлтірген күдіктіні ұстады. Бұл сәтті куәгерлер видеоға түсіріп алған. Ол - 1997 жылдан бері осы жерде тұратын 54 жастағы үйдің қазіргі иесі. Оның кінәсі дәлелденсе, ер адам 20 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Кейін үйге қатысты дау несие төлемегендіктен туындағаны белгілі болды. Үй банкке кепілге алынған. Кейін үй банк меншігіне өтіп, одан кейін жеке адамға сатылған. Жеке сот орындаушылар палатасы борышкерге үйді босату керегін 2020 жылдан бері бірнеше рет хабарланғаны айтылды.
Осы оқиғадан кейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА), Алматы әкімдігі, банк омбудсманы, банктер және қоғамдық бірлестіктер арасында ипотекалық қарыздар бойынша жалғыз тұрғын үйді сатуды және одан халықтың әлеуметтік осал топтарын шығаруды тоқтата тұратын өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также