ПОДЕЛИТЬСЯ
- Басты
- 03 шілде 2026 08:57
ІІМ ауқымды тексерістер қорытындысын жариялады: мыңдаған шенеунік жазаланды
Ішкі істер министрлігі Қазақстан бойынша жүргізілген ауқымды тексеріс қорытындысын жариялады. Қылмыстың жасалуына септігін тигізген заң бұзушылықтар мен әрекетсіздігі үшін екі мыңнан астам лауазымды тұлға жазаланған, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Ішкі істер министрлігі Қазақстан бойынша жүргізілген ауқымды тексеріс қорытындысын жариялады. Қылмыстың жасалуына септігін тигізген заң бұзушылықтар мен әрекетсіздігі үшін екі мыңнан астам лауазымды тұлға жазаланған, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Тергеу қорытындысы бойынша 2 мыңнан астам шенеунік жазаланды
ІІМ мәліметінше, жыл басынан бері тергеушілер мемлекеттік органдарға, мекемелер мен ұйымдарға 45 мыңға жуық ұсыным енгізген. Бұл механизм Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 200-бабында қарастырылған және қылмыстың жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоюға бағытталған.
Ұсынымдарды қарау нәтижесінде екі мыңнан астам лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Тағы 500-ден астам адам тергеушілердің ұсынымдарын қарау бойынша шара қолданбағаны үшін айыппұл арқалады.
Камералар, бағдаршамдар және қауіпсіздікті күшейту
Тергеушілердің араласуынан кейін әлеуметтік жағдайы төмен аудандарда, сауда нысандары мен ойын-сауық орындарында қосымша екі мыңға жуық бейнебақылау камерасы орнатылды.
Жолдың 155 апаттық-қауіпті учаскесінде жаңа бағдаршамдар, жарықтандыру, жол белгілері мен таңбалар пайда болды. Сонымен қатар 56 нысанда қауіпсіздік жүйесі күшейтіліп, күзет жабдықтары жаңартылды.
Заңсыз бизнесті жабу және қайғылы оқиғадан кейінгі тексерістер
ІІМ хабарлауынша, қайталап қылмыс жасаған сегіз шартты түрде сотталған адам жазасын өтеу үшін бас бостандығынан айыру орындарына жіберілді.
Сондай-ақ заңсыз қызметпен айналысқан төрт нысанның жұмысы тоқтатылды. Тағы 15 дәмхана мен түнгі клубтың жұмыс режиміне шектеу қойылды. Мысал ретінде ведомство Павлодардағы лаундж-барды келтірді, оның қызметі бұзақылық ісін тергеуден кейін тоқтатылған болатын.
Министрлік Ақсу-Аюлы - Балқаш тасжолында жолаушылар автобусында өрт шығып, бала қайтыс болған оқиғаны да еске салды. Тергеуден кейін жолаушылар автобустарына жаппай тексеріс жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша 199 жүргізуші мен көлік иесі жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 55-і - салонды жатын орындар үшін заңсыз қайта жабдықтағаны үшін жазаланды.
Зардап шеккендерге 34 миллиард теңгеден астам қаражат қайтарылды
Аяқталған қылмыстық істер бойынша белгіленген шығын көлемі 72 миллиард теңгеден асты. Бұл соманың 34 миллиардтан астамы зардап шеккендерге өтелді.
Төлемдерді қамтамасыз ету мақсатында айыпталушылардың 29 миллиард теңгеден астам сомадағы мүлкіне тыйым салынды. Атап айтқанда, Алматы облысында алаяқтық ісі бойынша екі ЖШС-нің мүлкі, соның ішінде құны 7 миллиард теңгеден асатын 28 жылжымайтын мүлік нысаны бұғатталды.
Бұған қоса, елімізде Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қоры жұмысын жалғастыруда. ІІМ мәліметінше, қор іске қосылғаннан бері бес мыңнан астам адам жалпы сомасы 831 миллион теңгеден астам өтемақы алған. Өтемақы алу құқығы қылмыстың 124 құрамы бойынша қарастырылған, ал төлем мөлшері 30-дан 50 АЕК-ке дейін жетеді.
Бұған дейін ІІМ есірткі қылмысына қарсы күрес аясында бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Қазақстанда заңсыз мазмұндағы 6 мыңнан астам интернет-ресурс бұғатталғанын хабарлаған болатын.
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу