Қазақстанда алаяқтықтың жаңа схемасы тіркелді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz ІІМ-ге сілтеме жасап.
Схема қалай жұмыс істейді?
ІІМ мәліметінше, қаскөйлер өздерін компаниялардың, мемлекеттік органдардың және жоғары оқу орындарының басшылары ретінде таныстырады. Қылмыскерлер психологиялық қысым жасап, азаматтарды "қауіпсіз шоттар" деп аталатын шоттарға ақша аударуға көндіреді.
"Алаяқтар жалған аккаунттар мен нөмірлерді пайдаланып, қызметкерлермен телефон арқылы немесе мессенджерлерде байланысқа шығады. Олар деректердің таралып кеткенін немесе қаражаттың ұрлану қаупін алға тартып, жағдайды әдейі ушықтырады, шұғыл әрекет етуді талап етеді және психологиялық қысым көрсетеді", - деп ескертті ведомство.
Осыдан кейін алаяқтар жәбірленушіге "мамандар" немесе "құқық қорғау органдарының қызметкерлері" хабарласатынын ескертіп, олардың нұсқауларын мүлтіксіз орындауды талап етеді.
Нәтижесінде азаматтарды "қауіпсіз" деп көрсетілген шоттарға ақша аударуға итермелейді. Қаражатты алған бойда жәбірленушімен байланыс үзіледі.
Алаяқтар қандай әдістерді қолданады?
ІІМ қылмыскерлер заманауи технологияларды белсенді қолданатынын атап өтті. Олардың қатарында телефон нөмірлерін ауыстыру және дауысты өзгерту әдістері бар, бұл оларға сенімді көрінуге және азаматтардың қырағылығын төмендетуге мүмкіндік береді.
ІІМ ұсынысы
Ведомство банк қызметкерлері мен мемлекеттік орган өкілдері ешқашан телефон арқылы ақша аударуды талап етпейтінін баса айтты.
Қазақстандықтарға бейтаныс адамдардың нұсқауларын орындамауға, ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеруге және күдік туындаған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына хабарласуға кеңес беріледі.