Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу үшін жеткілікті шек келесі айда қайта қаралуы мүмкін. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Үкіметте өткен брифингте журналистер министрден жеткілікті шекті есептеудің жаңа тәсілдерін талқылау қай сатыда екенін сұрады. Бұған дейін жоба Ашық НҚА порталында жарияланып, кейін қазақстандықтар үшін қолжетімсіз болып қалған еді.
Ертаевтың айтуынша, министрлік қаулы жобасын келісуге екі рет жіберген.
"Қаулы жобасын шын мәнінде екі рет жібердік. Бірінші жобада шекті деңгейді болжамды инфляция көлеміне арттыруды ұсындық. Мемлекеттік органдар санаттар бойынша ұлғайту үшін басқа есептеу әдістемесін ұсынды. Қаулы жобасын жолдадық, қазір ұсыныстар күтіп отырмыз. Бізге есептеу ұсыныстары берілген кезде, бір формуланы таңдап, оны қаулы жобасына енгіземіз және соңғы рет келісуге жібереміз", - деді министр.
Шенеуніктің айтуынша, шекті деңгейді жақын арада көтеру қажет, бұл - келесі айда болуы мүмкін.
"Бұл - біздің ұстанымымыз. Әрбір азамат зейнет жасына жеткенде лайықты зейнетақы алуы керек деп санаймыз. Бұған дейін айтқанымдай, 5 жыл ішінде 5 триллион теңге шешіп алынды. Бұл — несиелер, бұл — емделу, оны түсінемін, бірақ болашақты да ойлау керек. Зейнетақы төмен емес, лайықты болуы үшін азаматтар жинауы тиіс қаражатты жұмсап қоймауымыз керек", - деп толықтырды ол.
Мән-жайы
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда зейнетақы жинақтарының жеткілікті шегін есептеу тәсілін өзгерту көзделіп отыр.
Қазір ең төменгі жеткілікті шек ең төменгі жалақы, ең төменгі зейнетақы, базалық төлем, күнкөріс деңгейі және басқа да ағымдағы көрсеткіштерді ескере отырып есептеледі. Енді оның орнына актуарлық тәсілге көшу, яғни адамның жасын, күтілетін төлемдерді, кірістілік пен демографиялық деректерді есепке алу ұсынылып отыр