Маңғыстау облысының полициясы Қарақия ауданы Жетібай ауылындағы "Жауқазын" балабақшасында түсірілген видео жарияланғаннан кейін тексеру жүргізді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Lada.kz басылымына сілтеме жасап.
Құқық қорғау органдары 6 жасар баланың аталған мектепке дейінгі мекеменің тәрбиеленушісі емес екенін анықтады.
"Ол анасының жұмыс орнында болған. Болған жағдайға байланысты баланың анасына қатысты тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалды", - делінген хабарда.
Полиция балабақша қызметін тексеру үшін уәкілетті органдарға ұсыныс жолдағаны хабарланды. Ведомство оқиға салдарынан "зардап шеккендер жоқ" екенін нақтылады.
Еске сала кетейік, бұған дейін ата-аналардың бірі баланың агрессивті мінез-құлқы туралы шағымданған болатын. Оның айтуынша, ол топтар арасында еркін жүріп-тұрған, басқа балаларға тап беріп, оларды ұрып-соққан және қорқытқан. Әйел баланың мекеме директорының ұлы екенін айтқан.
Өтініш иесі болған жағдайды видеоға түсіріп алуға тырысқанын және соңғы аптадағы бақылау камераларының жазбаларын талап еткенін хабарлады. Алайда мекеме аумағында бейнежазба жасауға тыйым салынғанын алға тартып, оған түсіруге рұқсат бермеген көрінеді. Бұл ретте учаскелік инспектор камераларға қол жеткізу тек ресми өтініш берген жағдайда ғана мүмкін болатынын атап өтті.
Маңғыстау облыстық білім басқармасы бұған дейін жағдайдан хабардар екенін мәлімдеген. Ресми ақпаратқа сәйкес, 20 сәуірден бастап қызметтік тексеру басталады, ол үшін арнайы жұмыс тобы құрылды.